«Ulttyq Ónim – 2026»: көрмеге 35 мыңнан астам адам келді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өткен IX «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесіне биыл 35 мыңнан астам адам келген. Көрмеге 600-ге жуық кәсіпкер қатысып, отандық өнімдердің жаңа түрлерін ұсынды.
– Бұған дейінгі сегіз көрмеде негізінен өңдеу және қайта өңдеу саласының кәсіпкерлері қатысқан еді. Биыл көрмені кеңейтіп, медицина, білім беру, IT және креативті индустрия өкілдерін де қостық. Осы жылғы көрме рекордтық көрсеткіштермен өтті деуге болады, – деді Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарушы директоры Нұрбол Жанабеков.
Нұрбол Жанабековтың айтуынша, өткен жылы көрмеге 366 кәсіпкер қатысса, биыл олардың саны 600-ге жуықтаған.
– Өткен жылы көрмеге 26 мыңға жуық адам келсе, биыл 35 мыңнан астам келуші тіркелді. Біз Қазақстанда аз шығарылатын немесе мүлде өндірілмейтін тауар өндірушілеріне басымдық беруге тырыстық. Сонымен қатар көрмеге қатысушыларды іріктеуде өңірлік ерекшелік те ескердік. Мәселен Атырау облысынан мұнай сервисі саласының кәсіпкерлері келсе, Павлодардан өңдеу өнеркәсібі, Қарағандыдан қайта өңдеу саласы, ал Шымкенттен аяқ киім мен киім өндірушілері қатысты, – деді Нұрбол Жанабеков.
Сондай-ақ көрме тек сауда алаңы емес, тәжірибе алмасатын, нетворкинг орнататын үлкен платформа форматында өтті. Панельдік сессияларда жасанды интеллектіні қолдану, бизнес жүргізу, қаржыландыру мәселелері талқыланған. Қор басшысының айтуынша, көрмеге Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қырғызстан, Ресей және Франциядан қонақтар келген. Сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері қатысқан.
Айта кетейік, бұған дейін, отандық өндірушілердің дәстүрлі ІХ «ULTTYQ ÓNIM – 2026» көрмесі өз жұмысын бастағанын жазған едік.