Ұлы Абайдың алдында есеп беру
Он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді.
Өзін Абайдың ұрпағымын деп санайтын адамзат баласы үшін оны еске алу тек мерейтоймен шектелмесі белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында: «Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар жоспарланып отырғандығын, бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деп өте орынды айтты. Абай қалдырған құнды сөздер қай кездегі қоғам болсын маңызды. Оның ұлылығы да сонда, мың жылда біртуар, өмірі уақытпен өлшенбейтін қайталанбас нар тұлға Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы ұрпақтары үшін белгілі бір есептің уақытындай.
Ұлы Абайдың алдында тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерімізбен бірге, түзетуге тиіс мінімізді де айтқан жөн болар.
Абай ата сіздің ұрпақтарыңыз өз алдына тәуелсіз ел құра алды. Біз енді ішкі және сыртқы саясатымызды дербес жүргізе алатын мемлекетке айналдық. Сіздің ұрпақтарыңыз егеменді елде тұрып жатыр. Тәуелсіздік қандай бақыт! Ол бақытқа қолы жетпей жүрген халықтар қаншама...
Ия, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біз үшін оңай болмады. Жаңа мемлекет құру өте қиын шаруа екен. Біз барлығын қайтадан басынан бастадық. Жоқ біз барлығын жаңадан бастадық. Бізге өте қиын болды. Экономика құлдырап, өндіріс тұралап, қала мен ауылдың мәні кетті. Елімізден 4 миллионға адам көшіп кетті. Қылмыс өршіп, қоғамның берекесі бұзылды. Бірақ, біз бұл қиындықтарды жеңе білдік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. Осындай қиын кезеңде сенімді азамат көш бастады. Елдің даму бағытын белгілеген стратегиялар ұсынып, болашағымызға сенім ұялатты.
Қазақстанды бүгінде бүкіл әлем мойындады. Біз әлемдегі елдермен терезесі тең әріптестік орнаттық. БҰҰ-на тәуелсіз ел ретінде мүше болдық. Барлық маңызды халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесіміз. 180-нен астам елмен дипломатиялық қарым-қатынас жасаймыз. Барлық көршілес елдермен шекара мәселесін бекіттік. Алпауыт елдер - Ресеймен де Қытаймен де жақсы қарым-қатынас орната алдық.
«Адам баласына адам баласының бәрі – дос» деп сіз айтқандай, біз достық ниетімізді бүкіл әлемге паш еттік. Сол ниеттің көрінісі ретінде әлемде алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тарттық. Біздің елді қорғай алатын өз әскеріміз бар.
Дүниенің түкпір-түкпіріне тараған қандастарымыз елімізге орала бастады. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткіздік. 1 милионнан астам бауырларымыз елге оралды.
Бір жерде бірге жүрсең басын қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзін тосып,
деп жазғаныңыздай барлық бауырларымызды көк тудың астына біріктіретін мүмкіндік алдық.
Біз жаңа астана салдық. Бұл қала Елбасының бастамасымен, халықтың зор еңбегінің арқасында салынды. Жарқыраған астанамызды сізге ұялмай көрсете аламыз. Басқа қалалар астанамызға қарап бой түзеп келе жатыр. Астанамыз жаңарған Қазақстанның символы болып қалыптасты.
«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса сыйламай тұра алмас ел. Қаруыңның басыңда қайрат қылмай, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де - жел...», - деген сөздеріңізді еске ала отырып, экономикамызды дамыту үшін біраз іс тындырғанымызды айта кету керек.
Еліміздегі өндірісімізді дамытуға шетелдерден 149 млрд. доллардан артық қаражат тарттық. Бұл тынымсыз үлкен еңбектің нәтижесі. Тәуелсіздік жылдары мыңдаған жаңа кәсіпорындар ашылды. Онда еңбек ететін өзіміздің бауырларымыз.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрседен басқамен оздым ғой демектің бәрі бекер» деп айтқандарыңыз қазіргі заманда айнымай келді. Біздің жастардың қазіргі кезде білімге құштарлығы зор. Сіз армандаған білім балаларға қол жетімді болды. Еліміздегі 7391 мектепте 3.3 млн. астам оқушы білім алады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніңіздей, сол мектептерде 347 мың мұғалім қызмет етеді. 787 колледж бен 131 жоғары оқу орнында 1 млн. астам студент әртүрлі мамандықты игеруде. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп, айтқаныңыздай ұстаздың мәртебесін көтеру үшін біраз жұмыс атқарылуда.
«Ғылым таппай мақтанба» деген ұстанымды берік ұстаған 21 843 адам ғылым саласында қызмет етеді. Солардың ішінде жас ғалымдар 166 жобаны іске асыруда. Тәуелсіздіктің елең-алаңынан-ақ мұндай шетелдік беделді оқу орындарында жастарымыздың білім алуына жол ашылды. Оған «Болашақ» бағдарламасы мүмкіндік берген еді. 1993-2019 жылдар аралығында 13 870 стипендия иегері шетелде білім алып елімізді дамытуға үлес қосуда.
Қол жеткізген мол жетістіктерімізді шексіз тізбектей беруге болады әрине. Бірақ Абай қазаққа сыни қатал көзбен қарағаны белгілі. Бұл кейде қаттылау болатын сыни ойдан ұлтыма болсын деген ішкі жанашырлықты айтпай ұғынамыз. Біздің қазіргі қоғам ғұлама айтқан ұнамсыз мінезден, істен арыла алды ма? Көп нәрседе ұлы бабамыздың алдында бет қызаратындай...
Тәуелсіздік деп атойлағанымызбен шын мағынасындағы тәуелсіздікке қол жеткіздік пе? Экономиканың әлі де оңай табылатын шикізатқа тәуелді болуы, отандық тауарға қарағанда шетелдік тауардың басым болуы әлі де көп жұмыс істеуімізді талап етеді.
Абай атамыз айтқан қолөнерді меңгере алдық па? Бірен-саран болмаса, ол да мардымсыз. Рас, Абай айтқан орыс тілін үйрендік. Бірақ Ана тіліміз өзіміз сөйлейтін тіл болудан қалғанын бабамызға қалай айтамыз. Қазіргі жастар арасында не өз ана тілін, не басқа тілді жарытпайтын шала сауаттылықтың орын алуын жетістік дей аламыз ба?
Ғұлама барлық өмірінде дәріптеген білім мен ғылымның шыңына жеттік пе? Көп нәрсе имитация екенін өзіміз мойындағанымыз жөн болар. Ғылым ғылым үшін емес, нақты қоғамның пайда әкелетін сала емес, әзірге статистика үшін жарап тұрғаны қынжылтады.
Абай үшінші қара сөзінде «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағынының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» деп қатал сынға ала келе, «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым - солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді» деп жол көрсетеді.
Абайдың қара сөздеріне көз жүгірте отырып бүгінгі қоғамды бағаласақ көп нәрсенің өзгере қоймағанын мойындауға тура келеді.
Не істеу керек бізге? Абайша айтатын болсақ еңбек етіп, ғылым тауып, өнер үйрену. Басқа жол жоқ. Қазіргі заман өзімізге ғана сенетін заман.
Негізі әр нәрсенің реті, орны болады. Реттілік бұзылса ол бәрібір шығады. Дұрыс басқарылмаса тәртіпсіздік туындайды. Білім қумасақ надан боламыз. Ғылым таппасақ артта қаламыз. Еңбек етпесек аштан қатамыз. Жалқау ауру болсақ кедей боламыз. Жемқорлық мемлекетті құлдырауға алып келеді. Денсаулықты күтпесек сырқат боламыз. Әр нәрсенің сұрауы бар.
Той тойласақ орнымен болсын. Дарақылық пен ысырапшылдықтың емес, шын қуаныштың тойы болу керек. Мақтасақ жағыну үшін емес, бағалау үшін мақтайық. Шаруа істесек атақ үшін емес, нақты пайда үшін істейік. Білім алсақ сан емес, сапа үшін алайық.
Қазіргі кезең өтіріктің арты бір тұтам екенін дәлелдеп кетті. Көп нәрсе қайта бағалап, рационалды түрде қайта қарастыруымызды қажет етеді. Бұл мемлекеттік басқаруға әсіресе қатысты.
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ —
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой —
Бес асыл іс, көнсеңіз...
Абай атамыздың осы шумақтары қазіргі қоғам үшін маңыздылығын еселене түскендей.
Мемлекет басшысы мақаласында жазғандай: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал». Бұл сөздерге қосып алары жоқ.
Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы