Ұлы қаған қайда жатыр? - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 мамыр, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Бүгінде жастардың кітап оқымайтындығы, кітапханаға тым сирек баратыны жиі айтылады. Әрине, ғаламтор, техниканың соңғы жетістігі адамды кітаптан алшақтатқаны белгілі. Бірақ интернет ешқашан кітап пен кітапхананың орнын баса алмайды, деп жазады « Айқын » газеті бүгінгі санындағы « Компьютер кітапты алмастыра ала ма? » атты мақаласында. Басылымнвң атап өтуінше, кітапханадағы жұмыстың қиындығымен қатар қызығы да басымдау болады. Кітап ұрлау, оны сызып кету, жыртып алып кету деген сияқты. Біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда Римде көпшілікке арналған 28 кітапхана болған. Орта ғасырларда университеттер жанынан ашылған кітапханаларда ұрлық-қарлықты болдырмау үшін кітаптарды қабырғаға шынжырмен бұғаулап тастайтын болған. Мәселен, кітап ұрлайтын ең белгілі библиоклептоман Стивен Блумберг болған көрінеді. Ол өз өмірінде 268 кітапханаға бас сұғып, 23 мыңнан аса сирек кездесетін кітапты ұрлаған. Құны 20 миллион доллардан асатын кітапханасын толықтыру үшін Блумберг кітап ұрлауда түрлі қитұрқы әдістерді қолданған. Кітапханадағы ұрлық қазір де ұшырасады. Алматыдағы көпшілік және жоғары оқу орындарында да тосын оқиғалар болып тұрады екен. Әсіресе, кітапханаларда компьютер тышқандарын «аулайтындар» көбейген. Өйткені кітапханалардың басым көпшілігі компьютермен жабдықталған және кітапқа тапсырыс беру электронды әдіспен жүзеге асырылады. Мәселен, Қазақ ұлттық университетінің әл-Фараби кітапханасында 9 факультеттің кітап қоры 57460 дананы құрайды. Келушілердің басым көпшілігі студенттер. Осы кітапхананың қызметкері Рая Қыпшақбаеваның айтуынша, 20 компьютер «тышқанының» 10-нан астамы жоғалып кеткен. Интернеттің арқасында кітап ұрлау сиреген. Ал Ұлттық кітапханада ең көп жасалатын ескерту - кітап беттерін ұялы телефонға суретке түсіру. Мұнда кітаптан көшірме жасауға болады. Бірақ көшірмеңіз 10 беттен аспауы керек. Сондықтан ақшасы болмаған кейбір студенттер бетті телефонға түсіріп, мамандардан ескерту алып жатады. Қазір кітапханалардың барлығы бейнекамералар арқылы бақыланатындықтан, өрескел қателіктер орын ала қоймайды. Бірақ «ұрлаймын» деген адам ебін табатын секілді. Қорыта айтқанда, кітап, кітапхана секілді киелі ұғымдардың орнын ешнәрсе алмастыра алмайды. Кітап қадірсіз болса, Шекспир «кітап маған тақтан да қымбат» демес еді. «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Ұлы қаған қайда жатыр» деген мақаласында Шыңғыс ханның қайда жерленгені туралы тың деректермен бөліседі. Басылымның жазуынша, қазақтың белгілі жазушысы марқұм Қалихан Ысқақ газетке берген бір сұхбатында: «Шыңғыс ханның жерленген жері жөнінде сан-саққа жүгіртетін әңгіме көп. Әрине, оған нүкте қою мүмкін емес. Өйткені Ұлы Қағанның мүрдесін тауып, «мынау Шыңғыс ханның моласы» деп ешкім айта алған жоқ. Айта алмайды да. Тек «ана жерде, мына жерде» деген болжам, сәуегейлік көп. Ал менің топшылауымша, Шыңғыс хан Алтайда бәлкім, Қара Ертістің табанында жерленуі мүмкін. Қолымнан келгенше, Ұлы қаған өмірін біраз зерттеген адаммын. Алтай - иісі түркілердің отаны. Біздің жыл санауымыздың 61 жылы бүкіл түркілер Отыкен өлкесіне жиналған. Яғни Төр Алтайға, 551 жылға дейін сол жерде жатып, Тұран империясын жариялап барып жылжыған. Аты-шулы Аттила да содан аттанған. Көтенханның екі баласы Ашбөріхан мен Ботпай да содан аттанған. Шыңғыс хан да сол жерден аттанған. Алтай - бүкіл түркілердің атамекені. Мұны әрдайым есте ұстаған жөн. Тарихи құжаттар бойынша бір кезде бұл жер Отыкен атанған... Жалпы, мен Қағанның денесі моңғол жерінде емес, ата-бабасы өсіп-өркендеген Алтайда жатыр деп есептеймін» деген үлкен жазушы. Бәлкім, Қалихан ағаның айтқанында бір шындық жатуы да мүмкін. Ал сол ұлы қағанның өлімі де, мүрдесінің қайда жатқаны да белгісіз... Осы белгісіздік оған деген қызығушылықты одан ары арттыруда. Әсіресе, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері моңғол жеріне ат арытып барып, Ұлы Қағанның жатқан жерін іздестірген жапон, американ, неміс, француз, қытай, орыс, ағылшын экспедициялары әзірге түк таппады. Дегенмен, белгілі бір нәтижеге қол жеткіздік дегендер де бар. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын моңғол және АҚШ ғалымдарының бірлесе жүргізген зерттеуінен тұщымды бірдеңе шыққан сияқты. Олар Моңғолияның солтүстік батыс өңірінен XIII -XIV ғасырларда жерленген патшалар алқабын тапқан. «Бәлкім, ұлы қаған сонда жатқан болар» дейді олар. Бұған дейін туған дауларға назар аударсақ, Шыңғыс ханның мүрдесі «бірде ана жерде, бірде мына өлкеде жерленген» деген әңгіме көп. Бірі - Бұрхан Қалдұн тауында, екіншісі - қытай мен моңғол шекарасындағы Алтай тауының етегінде, үшіншісі - бүгінгі қазақ жеріндегі Шыңғыстаудың маңы, Тарбағатайдың бір жотасы дегенді алға тартады... Жорамал көп, бірақ бұлтартпас айғақ жоқ. Әсіресе, қытайлар «Шыңғыс қаған таңғұттардың Си Ся мемлекетін шабуға барған сапарында дүниеден өтті» деседі. Рас, таңғұт мемлекеті мекен еткен жер бүгінгі Қытайдың солтүстік аймағында орналасқан. Содан болар, қытайлар «Ұлы қағанның сүйегі біздің жерде жатыр» дегенді жиі айтады. Тіпті үлкен мұражай ашып, Шыңғыс ханның денесі жатады деп табыт та жасап қойған... Енді әлемдік тарихта орны ерекше тұлғаны кім де болса өз жағына тартқысы келері хақ... Орыстар «хан Тува жерінде» дейді... Өйткені ұлы қолбасшының тарихи отаны сол өңір - қазіргі тувалықтардың ата-тегі ұранхайлар өмір сүрген Саян-Алтай тауының етегі. Тувалықтардың ескі аңызына назар аударсақ, ұлы хан өлген соң оның сүйегі таудың бір сайына бүкіл байлығымен көмілген екен. Ұранхайлардан құралған мыңдаған салт атты жауынгерлер талай жыл сол маңды күзетіпті... Десек те, ұлы Қағанның бір даналығы, бәлкім, көрегенділігі болар, өзі өлген соң сүйегін ашып қорлауға жол бермеу үшін, ешкім білмейтін айдалаға жерлетуі. Көмілген соң, мыңдаған жылқыны жүргізіп, қабірді жермен бірдей етіп тегістеп жіберуі, оны көмуге барған адамдардың бірін қалдырмай қырып тастау адам жаны түршігерлік оқиға секілді көрінгенмен, бір жағынан дұрыс па деп те ойлайсың. Өйткені екі-үш мың жыл бұрын қайтыс болған перғауындардың табытын ашып, мәйіттерін зерттеп, сүйектерін бірде анда, бірде мында тасып, қорлап жүрген ғалымдар бүгінде көп. Көреген Қаған соны сезіп, сүйегін қорлатпауды ойласа керек-ті. Сонымен, зерттеушілер не дейді? Хэнтэй таулы жотасынан ғалымдар, археологтар үлкен қорған тапқан. Онда аса белгілі адам жерленгені туралы айғақ көп. Қорғанның шет жағасы қазылып, одан XII-XIV ғасырға жататын көптеген жәдігер алынған. Осыған қарап-ақ, ғалымдар жерленген адам жай ғана бай емес, өз заманының аса ірі тұлғасы болғанын айтады. Қорғанда кім жатқаны белгісіз. Ғалымдар бұл төбені табу үшін ұзақ еңбектенді, техниканың соңғы жетістіктерін пайдаланды. Жер қабатына тереңдеп ене алатын аппарат пайдаланды. Соның арқасында таулы алқаптан белгісіз қорған тапты... Бұл сол өңірдегі 4 мың шаршы мильді жалықпай зерттеуден кейінгі нәтиже... «Бұл жерде әлем тарихын өзгерткен, қолбасшылардың қолбасшысы, патшалардың патшасы Шыңғыс хан жатқанына сенемін» дейді экспедиция басшысы. Жергілікті жұрт та Шыңғыс хан осы Хэнтэй жотасында жатыр деседі. «Оның тыныштығын бұзуға болмайды. Егер де оның жатқан жерін қазып, сүйегін қорлайтын болса, ақыр заман орнайды. Үшінші дүниежүзілік соғыс басталады» деседі олар. «Жұртты қызықтыратын Шыңғыс ханның қуарып қалған сүйегі емес, оның өзімен бірге көмілген байлығы» дейді жергілікті профессор Ұламбаяр Эрденебат. Бәлкім, солай да болар. «Жәдігерлердің XII-XIV ғасырға жататыны анықталды. Бірақ толықтай сараптамадан өткізіліп болған жоқ. Жалпы, бұл жәдігерлер талай дүниенің бастамасы болмақ. Егер де Шыңғыс ханның мүрдесі табылып жатса, ол ХХІ ғасырдағы ұлы жаңалық болмақ» деген экспедиция басшысы Лин. Бірақ содан бері арада біраз жыл өтті. Алайда зерттеу жүргізген ғалымдар одан кейін «жағдай былай болды» деп мәлімдеме жасаған емес... Демек, Ұлы Қағанның денесін таппағаны да. «1795-1847 жылдары өмір сүрген моңғолдың атақты ғұлама тарихшысы әрі жазушы Ванчинбал «Көк судар» (Киелі шежіре) атты тарихи еңбегінде (кейін бұл ұлы Инжинаш жалғастырып жазып аяқтаған): «Шыңғыс ханның мүрдесін Онон, Керулен өзенінің бастау алған басы, Бурхан-Халдун тауының төбесіне тас үй орнатып жерлеген. Мүрдені шынар ағашынан жасалған сандыққа әспеттеп орналастырып, сандықты үш алтын белдікпен сақиналап бекіткен. Алтын белдікті сандық арнайы айналмалы механизмге орнатылған деген аңыз бар. Тәңірдің қалауы бойынша қасиетті сандық ғасырда бір рет орнында айналып тұрады-мыс. Алтын құрсаулы сандықтағы Шыңғыс хан мүрдесінің басы шығысқа қараған уақытта мазарды ашса қауіп-қатерсіз болады-мыс. Сол кезде мүрдені шығаруға рұқсат беріледі деп есептейді. Күншығыстан көк бұқа мініп келген, белуарына түскен сақалы бар қарт адам бастап мүрдені ашуға тиісті дейді. Мүрденің басы күншығысқа қарамаса табылмайды да, табыла қалған жағдайда ашуға, шығарып алуға болмайды. Ондай жағдайда мүрденің киесі атады-мыс.Табиғат апаты болады, күтпеген алапат соғыс басталады. Адамзатқа емі табылмас індет тарайды-мыс деген аңыз бар» деп жазып қалдырған. Аңыз моңғолдар ортасында да ауызша сақталған»( «Шыңғыс ханның мазары табылды...» Қаржаубай Сартқожаұлы, Халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі, түрколог) дейтін де әңгімелер көп. Әрине, «Шыңғыс ханның мүрдесін таптық» деген жалғыз бұлар емес. Осыған дейін де талай ғалым айтқан. Бірақ бәрі бос әңгіме болып шықты. Ұлы қаған қайда жатыр? Белгісіз. Белгісіз болған сайын оған деген қызығушылық уақыт өткен сайын арта түсері хақ. *** Кеше Отан қорғаушы күні қарсаңында Мемлекет басшысы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті жоғары әскери және арнайы атақтар мен сыныптық шендер тапсырды, деп жазады « Егемен Қазақстан ». Салтанатты рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады. Ұлттық армияның ел тәуелсіздігі мен тұтастығының тірегі екенін атап өтті. «Сіздер мінсіз қызметтеріңіз арқылы жас буынға патриоттықтың үлгісін көрсетесіздер, мұны мемлекет жоғары бағалайды. Наградаға ұсынылғандар қатарында Қарулы Күштермен бірге құқық қорғау саласы мен арнайы органдардың өкілдері де бар. Олардың негізгі қызметі - елдегі тыныштықты сақтау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деді Президент бұл орайда. Мемлекет басшысы, сонымен қатар, жоғары әскери және арнайы атақтар тапсыру жыл сайын жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді. «Жаңа атақ алу, әсіресе, генералдық атақ алу - зор мәртебе әрі жауапкершілік. Бұл - сіздерге, сіздердің тәлімгерлеріңіз бен қарамағыңыздағыларға, жақындарыңыз бен достарыңызға көрсетілген үлкен құрмет. Сіздер өмірде осы жолды таңдап, тоғыздан кешкі алтыға дейінгі жұмыс күнімен шектелмейтін ерекше мамандықты таңдадыңыздар. Отанға қызмет тәулік бойы қызмет ету деген ұғымды білдіреді. Халық алдындағы борышты өтеу үшін бар күш-жігерді жұмсау, қажет болса, өмірді де қию - бұл сіздердің жауапкершілікке толы міндеттеріңіз. Сондықтан, сіздерді бүгін берілген атақтарға лайық деп санаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осылай деп сөзін қорытындылаған Мемлекет басшысы жаңа әскери шенге ие болған және атақ алған азаматтарды тағы да мерекелерімен құттықтап, олардың Отанға лайықты қызмет ететініне сенім білдірді. Бұл күні марапатталған әскери азаматтар Президенттің қолынан атақ алу үлкен мәртебе екенін және зор жауапкершілік жүктейтінін айтты. Сондай-ақ, Отанымызға және Қазақстан халқына қызмет ету үшін барлық ерік-жігерлері мен күш-қайраттарын жұмсайтындарына сендірді. Ақордадағы салтанантты рәсім барысында генерал-лейтенант әскери атағы О.Бижановқа берілді. Ал генерал-майор әскери атағы Қ.Ақтановқа, Т.Дәндібаевқа, А.Қаскелеңовке, Қ.Мыңжановқа, Қ.Садықовқа, М.Таласовқа, Р.Шпекбаевқа тапсырылды. Бұған қоса, авиация генерал-майоры әскери атағына Д.Қосанов, Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнайы атақтарына А.Ақшаев, А.Кенжебеков, С.Құрманалиев, Н.Мажилов, Н.Нұрсипатов лайық деп танылды. Бұл күні полиция генерал-полковнигі арнайы атағы Қ.Қасымовқа, полиция генерал-лейтенанты арнайы атағы М.Демеуовке, полиция генерал-майоры арнайы атағы М.Аблазимовке, Ж.Бақтыбаевқа, Б.Бисенқұловқа, М.Қожаевқа, М.Ұрымхановқа табысталды. 3-сыныпты әділет мемлекеттік кеңесшісі сыныптық шені Н.Әбдіровке, М.Исадиловке, Ғ.Миразовқа, Б.Тайымбетовке, Т.Тәшімбаевқа, И.Тілеуғалиевке, Ғ.Тоғызбаевқа берілді. *** «Время» газеті еліміздегі ең қымбат әртістердің тізімін жасады. Тізім бойынша ең қымбат әнші Қайрат Нұртас 8000-10000 доллар, Роза Рымбаева екінші орында - 6000 доллар, Нұрлан Абдуллин 5000-6000 доллар, Луина - 5376 доллар (1 млн. теңге), Ділназ Ахмадиева - 5000 доллар, Бүркіт, «КешYou» тобы және Бейбіт Қорған - 4000 доллар, «Үркер» тобы 3000 доллар, Асхат Тарғынов - 2000 доллар.