13:43, 22 Тамыз 2014 | GMT +5
Ұлы Қытай қорғаны найзағайдан жасанды қарағайлармен қорғалмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейжің билігі Ұлы Қытай қорғанының туристер үшін танымал Бадалин аумағындағы бөлігіне найзағайдан қорғау үшін жылдың соңына дейін 12 қарағай түріндегі жай тартқыш орнатпақ. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.

Бадалин ауданындағы Ұлы Қытай қорғанының аумағының ұзындығы 7,4 шақырымнан асады, оның жартысы ғана қалпына келтіріліп, туристік экскурсияларға пайдаланылады. Соңғы жылдары қорғанда игерілмеген бағыттар бойынша серуендер де ұйымдастырылуда. Туристерді қорғанның бастапқы қалпындағы бөліктері қатты қызықтырады. Алайда мұндай экскурсиялар туристерге жай түсу фактілерінің көбеюіне әкелді. Сондықтан қала басшылығы бұл аумақта жай тартқышты қарастыру туралы шешімге келді. Бұл құрылым қорғаннан 2 метрдей алшақ жерге орнатылатын болды. Құрылымға эстетикалық сипат беру үшін оны қарағай түрінде жасау ұсынылды.
Мұндай әр «ағаштың» ұзындығы 15 метрден 18 метрге дейін жетеді, ал құны 200 мың юаньнан ($32 мыңнан астам) артық.