04:21, 10 Мамыр 2012 | GMT +5
Ұлы Отан соғысында Кеңес әскерін қаржыландырған қазақтар
АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат -Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы еңбеккерлер Кеңес Армиясына арнап, өздерінің жиған-терген қаржысын, соңғы тиындарын қару-жарақ жасау қорына өткізіп жатты.

Ал басылымдар бұл жаңалықты жауынгерлерге үзбей хабарлап тұрған. Мысалы, «Сталин туы» газетінің 1944 жылғы 3 маусым күнгі санында «Халқымыздың қасиетті салты» деген хабарда Қазақстан еңбеккерлерінің майданға деген көмегін айта келіп, танк колоннасын жасауға Қарағанды облысынан Оразбай Бөкенбаевтың - 300 мың, Олжабай Қазыбековтің - 190 мың, Қадыр Ысқақовтың - 175 мың, Ақмола облысынан Бейсен Беделбаевтың - 172 мың, Сәдуақас Ыбыраевтың - 155 мың, Сайдалы Есмағамбетовтің - 185 мың, Қызылорда облысынан Жанәбіл Қимасовтың - 165 мың, Смағұл Керейбаевтың 180 мың сом бергенін хабарлайды. Мұндай отаншылдық бастамаларды республиканың барлық облысы қолдағаны белгілі, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.