Ұлы Отан соғысының ардагері Қабиден Жұмабековке Украинаның мемлекеттік наградасы - «Ерлік» ордені табыс етілді

ПАВЛОДАР. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Ұлы Отан соғысының ардагері павлодарлық Қабиден Жұмабековке Украинаның мемлекеттік наградасы - «Ерлік» ордені салтанатты жағдайда табыс етілді.

Ұлы Отан  соғысының ардагері Қабиден  Жұмабековке    Украинаның  мемлекеттік  наградасы -   «Ерлік»  ордені  табыс етілді

Орден қарияға Украина аумағындағы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін беріліп отыр, деп хабарлады Павлодар әкімінің баспасөз қызметінен.

Қаланың қоғамдық өміріне өз үлестерін қосып отырған қалалық Ардагерлер кеңесінің есеп беру-сайлау конференциясы осы шарамен басталды.

«Өткен жылдары ардагерлер түрлі мәселелер бойынша бес мыңнан астам консультациялар алды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында біз әрбір ардагердің үйінде болдық, олардың барлық мәселелерін қалалық бөлімдермен бірлесе отырып шешіп бердік. Кезінде еңбек еткен кәсіпорындары бүгінде жабылып қалған зейнеткерлер бар, қалалық ардагерлер кеңесінің міндеті - солардың жағдайларын біліп отыру»,- деді өз сөзінде Кеңес төрайымы Клавдия Арынғазина.

Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Мархаба Қаратаева жиналған қауымға мемлекеттік әлеуметтік көмектің түрлері туралы әңгімелеп берді. Зейнеткерлер де өз проблемаларымен бөлісті.

Қала әкімі Бақытжан Жоламанов белсенді азаматтық ұстанымдары мен Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдумға білдірген қолдаулары үшін қарияларға алғыс білдірді.