Ұлы Отан соғысының ардагерлері - прокуратура саласының бұрынғы қызметкерлері

Қан майданның қаһарынан ықпай, намысты ту еткен батырларымыз соғыс жылдарынан кейін түрлі салаларда жұмыс атқарып, елдің дамуына тағы бір мәрте үлестерін қосты. Олардың арасында прокуратура қызметкерлерін де атап өтуге болады. Биылғы Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай олар туралы бір үзік әңгіме айту - оларға деген асқан құрметімізді білдіреді.
1943 жылдары Маңғышлақ облысы прокуратура органдарының қызметкерлері Бердіхан Екібаев, Александр Портнягин және Василий Колесников майданның ауыр жолдарымен өтті.
Екібаев Бердіхан 1925 жылдың 10 мамырында Ақтөбе облысының Ойыл ауданында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1943 жылдың 19 мамырында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, сол кезде Сталинабад және Мичуринскіде орналасқан Орлов әскери-жаяу училищесінің курсанты болып қабылданды. Училищені 1944 жылдың желтоқсан айында кіші лейтенант әскери атағымен аяқтады. 1945 жылдың қаңтарында Орлов әскери округінің қарамағына жолданып, Бірінші Украина майданының бөлімше командирі болып 3-ші гвардиялық танк армиясының, 7-ші гвардиялық танк корпусының, 54-ші гвардиялық танк бригадасы құрамында Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыс біткен соң 1946 жылдың қарашасында запасқа шығарылды. Ауыр ұрыс жағдайларында жаулармен соғыса жүре Екібаев Бердіхан ержүректік, табандылық пен сирек кездесетін командирлік қабілеттерді көрсете білді. Ұрыс кезінде бірнеше рет жараланған. Шайқаста батырлық пен жігерлік көрсеткені үшін Б.Екібаев II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және басқа медальдармен наградталды. Бердіхан Екібаев соғыстан соң жоғары заңгерлік білім алды. 1954 және 1973 жылдары аралығында ол Красноводск, Шевченко (қазіргі Ақтау) және Жаңаөзен қалаларында сот органдарында қызмет атқарды.
Б. Екібаев мемлекет пен қоғамның қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып, Маңғыстау облысының құрылуының бастауында тұрды. Аудандық партия комитетінің мүшесі, еңбекшілердің аудандық кеңес депутаты болып сайланған. 1974 жылдың қаңтарынан бастап Жаңаөзен қаласының прокуроры болып тағайындалып, бұл лауазымда ол 1980 жылға дейін еңбек етті. 1980 жылдың сәуір айынан бастап Форт-Шевченко қаласының прокуроры болып, 1982 жылдың қазанында денсаулығының нашарлауына және зейнеткерлікке шығуына байланысты қызметінен босатылды. Соғыс ардагері Екібаев Бердіхан 1990 жылы 65 жасында қайтыс болды.
Соғыс ардагері Колесников Василий Васильевич 1970-1980 жылдар аралығында қазіргі Ақтау қаласының прокуроры болып қызмет атқарды. Павлодар облысының Богдановка селосында 1925 жылдың 28 желтоқсанында туған. Колесников Василий Бердіхан Екібаев сияқты он сегіз жасында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, 1943 жылдың ақпан айынан бастап Тамбов әскери-жаяу училищесінің курсанты болды. Әскери қызметін Красноярскідегі старшиналар мектебінде жалғастырды. 1944 жылдың наурызында 3 бригаданың 1-ші гвардиялық мотомехкорпусының жеке минометтік батальонында ұрысқа қатысып, 1945 жылдың наурыз айында ауыр жарақаттанды, бір қолынан айрылып, госпитальға түсті. Соғыстан соң жоғары заңгерлік білім алып, көп жылдар бойы Павлодар облысының прокуратура органдарында қызмет атқарды. Оған 1967 жылы еңбектегі жетістіктері үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген заңгері» құрметті атағы берілді. 1975 жылдың қаңтарынан бастап ол Шевченко (Ақтау) қаласының прокуроры лауазымында екі конституциялық мерзім бойы (1985 жылға дейін) жұмыс жасады. 1990 жылдары В.Колесников дүниеден озды.
Ал, соғыс ардагері Портнягин Александр Анеподистович Томск облысының Каргасок ауылында 1925 жылдың 24 желтоқсанында дүниеге келды. 1942 жылдың қаңтарында он алты жасында әскери қызметін бастады. Ол 3-ші Украина ұрысының әуе десант әскерінің 14-ші дивизия құрамындағы парашюттік-десант полкінде соғысқа қатысып, Венгрия, Австрия, Чехословакияны азат етуге қатысқан. Ұрыс соңында жараланып, әуе десант әскері құрамынан 1947 жылы денсаулығына байланысты босатылды, 1950 жылдың наурызында армиядан запасқа жіберілді. Соғыстан соң, А.Портнягин жұмыспен қатар оқуын жалғастырып, жоғары заңгерлік білім алды, 1964 жылдан бастап Көкшетау облысының прокуратура органдарында жұмыс жасап, 1973 жылдан бастап өмірінің соңына дейін (1985 ж.) ол Маңғышлақ облысы прокурорының кадрлар жөніндегі аға көмекшісі қызметін атқарған.
Соғыс жылдарындағы ерліктері үшін В.Колесников пен А.Портнягин ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, ІІІ дәрежелі Даңқ Орденімен, "Венаны алғаны үшін", "Будапештті алғаны үшін", "Берлинді алғаны үшін", "Праганы азат еткені үшін", "Германияны Ұлы Отан соғысында жеңгені үшін", "Ерлігі үшін" медальдарымен наградталған.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік ерлігін және бейбітшілік уақыттағы зор қызметін ескере отырып, Маңғыстау облыстық прокуратурасы Екібаев Бердіхан және Портнягин Александр тұрған Ақтау қаласының 4-ші шағынауданындағы №62 үйге және 7 шағынауданындағы №18 үйге мемориалдық тақталарды орнатты.
Сұрапыл соғыс жылдары бұл азаматтар біздің Отанымыздың белсенді қорғаушылары сапында болған. Ұлы Отан соғысындағы олардың ұрпаққа үлгі етерліктей ерлігі тарихта өшпестей із қалдырып, халқымыздың жадында мәңгілік сақталады.