ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ: Сергей Луганский

Ол 1918 жылы 1 қазанда Алматы қаласында шаруа отбасында дүниеге келген.
1938 ж. Орынбордағы ұшқыштар мектебін, 1949 ж. Мәскеудегі әскери-әуе академиясын бітірген. 1939- 1940 жж. кеңес-фин соғысына қатысты. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Луганский 390 рет ұшу сапарына шығып, жаудың 37 ұшағын атып түсірді. 2 рет әуе таранын жасады. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО ҚК-нің әскери әуе күштері саласында әр түрлі жоғары басшылық қызметтерде болды.
1941 жылы қазан айында майданға аттанған С.Д.Луганский 1942 жылдың мамыр айынан 271-ші авиациялық атқыштар полкінде, сол жылдың маусым айынан 1945 жылдың наурыз айына дейін 270-ші авиациялық атқыштар полкінің қатарында болды.
1943 жылдың тамыз айында 270-ші авиациялық атқыштар полкының эскадрилья командирі капитан С.Д.Луганский 221 рет ұшып, жеке өзі 18 жау ұшағын және ұшқыштар тобымен бірігіп, 1 ұшақты құлатты.
1943 жылдың 2 қыркүйегінде жаумен шайқаста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1944 жылдың 1 шілдесінде Украина бірінші майданының бас қолбасшысы И.С.Коневтің жеке нұсқауымен «Алтын жұлдыз» медалін иеленді. Бұл уақытта ол 355 әскери ұшуды жүзеге асырып, жаудың 33 ұшағын атып құлатқан болатын.
С.Д.Луганский 1963 жылға дейін «МиГ-15»-тен бастап «МиГ-19»-ға дейінгі түрлі реактивті ұшақтарда ұшты.
Соғыстан кейін әуе қорғанысы күштерінде қызмет етті. 1949 жылы әскери әуе академиясын тәмамдады. 1964 жылдан запастағы авиация генерал-майоры. Ол сондай-ақ "Hа глубоких виражах", "Hебо остается чистым" сынды шығармалардың авторы. Майдангер 1977 жылы 16 қаңтарда көз жұмды. Алматы қаласында жерленген.
Соғыс жылдарында көрсеткен ерліктері үшін 2 рет Ленин, Александр Невский, 2 мәрте Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз (2 рет) ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
«Әуе батыры» С.Д.Луганский гүлдерді аса қатты жақсы көрген, қолы бос уақытта оларды күтіп-баптаудан жалықпайтын, деп еске алады ол туралы таныстары.