«Ұлы тұлға тағылымы» атты конференция Мәлік Ғабдуллиннің 95 жылдық мерейтойына арналды - Көкшетау
КӨКШЕТАУ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Көкшетауда Шахмет Хұсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өткен «Ұлы тұлғаға тағылым» атты ғылыми-тәжірибелік конференция академик, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 95 жылдық мерейтойына арналды.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, шығармашылық топ өкілдерінің қатысуымен іске асырылған шара аясында Лев Гумилев атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» монографиясы негізінде ой қозғап, бұл еңбектің болашақ мамандар дайындаудағы маңызына ерекше назар аударды. Студенттердің басты оқу құралына айналған ғылыми оқулық әлі де көпшілік сұранымына ие болып келе жатқанын тілге тиек етті.
Өз кезегінде, ел ардақтысының Мәскеуді қорғаған панфиловшылар дивизиясы құрамында ерлік көрсетуінің 100 жылдық торқалы тойына орай ескерткіш орнатылып, оның атында бір көше болуы абзал екендігін атап көрсетті. Жұртшылық бұл ұсынысты қызу қолдады. Ғалымның ғылыми ізденістерін, ерлікке толы ғұмырын, жастарға өнеге болар шығармашылығын «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер, батырдың інісі, оның атындағы мұражайды ұйымдастырушылардың бірі, жазушы Жанатай Бекенов жан-жақты тарқатып өтті.