Ұлы Жеңіс: Майданнан жеткен соңғы хат!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамзат тарихындағы ең сұрапыл кезең - Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстан халқы майдан даласындағы ұрыстарға ерлікпен араласып, тылда да тынымсыз еңбекпен жеңіс жолын барынша жақындатты. Сол тұстағы Қазақ даласындағы әрбір отбасы соғыс ауыртпалығынан тыс қалған емес. Шартарапты шарпыған соғыс әрбір ауылдағы әрбір шаңыраққа қаралы ізін қалдырды. Солардың арасында бүгінгі Алматы облысы Панфилов ауданындағы шағын ғана Ақжазық ауылы да бар болатын.

Ұлы Жеңіс: Майданнан жеткен соңғы хат!

1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысына Ақжазық ауылынан 111 адам аттанды. Ұлы қырғыннан сол есіл ерлердің тек 67-ісі ғана аман-есен ауылға оралды. Бірақ, осы алпыс жетінің ішінде он екі мүшесі сау, денсаулығында зақымы болмай қайтқаны шамалы еді. Қанды қырғынның ортасынан елмен амандықта көріскендерінің өзіне тәуба. Көбісі ауру, еңбекке жарамсыз, ең бастысы, жойқын соғысты көзімен көріп, жүректері жаралы болып, жан күйзелісімен оралғандар болатын.

Ұлы Отан соғысы ел басынан күркіреп өткеніне біраз жыл өтсе де, оның жарасы мен жаңғырығы әлі күнге жанымызды ауыртып, жадымызда тұрады. Сол қанды қырғынның куәсіндей, төмендегі жазылған хатта - жауынгер-азаматтың елге-жерге деген сүйіспеншілігі, аманат-мұрасы тұр. Онда майдан мен тылдың, соғыста жаумен шайқасқан ерлер мен елдегі үлкен-кішінің жанқиярлық еңбегі, сұрапыл кезеңнің көп сыры шертіледі. Хат авторы - жас әрі жалынды, жігерлі ақынжанды азамат - Қабілда (Қабыжан) Ысқақов.

Қабілда Ысқақов - қазіргі Алматы облысының Жәркент өңіріндегі Ақжазық ауылында туып өскен. Ел басына күн туған қиын кезеңде бір әкеден тараған ағайынды төрт жігіттің ересек екеуі - Айтақын мен Қабілда ел қорғау үшін қан майданға аттанады, буыны қатпаған жас бауырлары Әбілда мен Әлімқожа елде қалады. Ол кезде Қабілда бар-жоғы он сегіз жаста болған. Ағайынды екі жігіт те Кавказ майданына тап болып, онда әр бағытта өрбіген бөлек-бөлек соғысқа кіреді. Қабілда Ысқақов гвардия минометты взводында соғысқа араласып, жігерлілігінің, қайсарлығының арқасында гвардия лейтенанты шенін иеленді.

Қабілда Ысқақов сол майданда жүріп ағасы Айтақынның ерлікпен қаза тапқанын естиді. Елге жазылған хатта осы бастан өткерген қиын оқиғалар баян етіледі, онда 18 жастағы жігіттің өзінің басындағы ауыр қазаға қарамай бауырларды, ағайын-туғанды жігерлендіру, елді рухтандыру, береке-бірлікке шақыру бар.

Өлеңде аты аталатын Әбілда, Әлімқожа оның елде қалған бауырлары болса, Пашан мен Мәрия майданда мерт болған ағасы Айтақынның балалары. Амал не, 18 жасынан соғыстың көп сұрапылын көріп, сол жолда бауырынан да айырылған асыл азамат 1944 жылы өзі де қаза табады. Туған жерге ылғи да сәлем хатын өлеңмен арнайтын жауынгердің бұл соңғы хаты екен. Қабілда Ысқақов 1944 жылы Солтүстік Кавказдағы сұрапыл соғыста қаза тауып, ерлігі мен батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Майданнан жеткен соңғы хат

Әбілда, Әлімқожа інілерім,

Миятым артымдағы кішілерім.

Сағынып, әке-шеше, туғандармен,

Ақ жүзді беттеріңді сүйер ме едім?!

Болса да інілерім бастарың жас,

Ел-жұртпен кемпір-шалға болыңдар бас.

Заманшы, ел иесі сендерсіңдер,

Болмаса жассыңдар ғой, ұйқыға мас.

Зар жылап сендер үшін қайғы тарттым,

Күніне сансыз тілек құдайға айттым.

Әке-шеше, сендерді көрсеткін деп,

Алладан ұйықтасам да тілей жаттым.

Қартайды, әкем болса жасы жетті,

Көз көрмей уайыммен күші кетті.

Қартайып енді дәулет көрер кезде,

Қайғы мен бейнет көрді, соры да өсті.

Қайтадан болған істі санамаймын,

Сендерге құс боп ұшып бара алмаймын.

Білмеймін, арамыз алыс, халдеріңді,

Қол қысқа ешбір көмек бере алмаймын.

Білмеймін жаным түгел күйзелген бе?

Өз жолын ағаларым түзеген бе?

Жыртылған, жағаны естіп кемпір-шал деп,

Жан бар ма, көмектесер біздің елде...

Білемін кемпір-шалдың соры барын,

Жаратқан маңдайына жазған қалың.

Айырылып мият қылған Айтақыннан,

Демесін уайымым басқан қалың.

Ел құсап, елге барсам бақпас еді,

Қарт әкем қайғы-мұңсыз жатпас па еді.

«Шүкір» деп бір Құдайға жалбарынып,

Тәубасын кемпір-шешем айтпас па еді?!

Мәрияны, Пашанменен жетім дейді-ау,

Қасына жан жоламай кетті, дейді-ау.

Кешегі алақанда өскен Пашан,

«Әке!», деп енді кімге өрмелейді-ау!

Олардың маңдайынан кім сипайды,

Мәпелеп, шешесі оны баға алмайды.

Киімсіз алма-жұлма жүргеннен соң,

Сүйкімсіз, сорлы жетім деп санайды.

Айтайын, көп арманның несін санап,

Сұраймын бір Құдайдан, жалғыз талап.

Егерде тілеуімді берсе, Құдай,

Жол тартсам, аман-есен елге қарап.

Өсиет, Әлімқожа, саған айтар.

Жыласа жас балалар саған батар.

Қайрат қып, ақылменен айла тауып,

Бақсаңыз жаратқаным нәсіп қосар.

Көрсең жастан бейнетті қиналмасаң,

Ықыласпен кемпір-шалдан бата алсаң.

Кемпір-шал әлде болса қор болмас ед,

Ауылда, Жапарғали сен сау болсаң.

Жасы-жас, жан серігің Әбілданы,

Үйретіп әрбір іске ақыл салғын.

Егерде санаң болса, жаным Әлтай,

Зекіріп жас баланы қинамағын.

Білдіртпе, Пашан, Мәрия жетімдігін,

Кемітпе, бұрынғыдан киім түрін.

Жоқтығын Айтақынның білдіртпегін,

Ақылым сол, саған айтар жаным менің!

Хат жазған: Қабыжан Ысқақов.

Чечен АССР-ы. Кавказ таңы.

1944 жыл.

* * * *

Осы сұрапыл соғыс жылдарында Ақжазықтан әскер қатарына алынған Көшербаев Шыны ақсақал 1942 жылы қан майданның ортасында жүріп, ауылына, ел жұртына деген сағынышын қағазға түсіріп, ағайын туысқа мынадай хат жолдаған екен:

Ауылға арнау

Ауылда Қалау қария,

Сен едің Ысқақ дәрия.

Ақтайлақ қартым аман бол,

Бұл да бір фәни дүния.

Ақсақалым Имәди,

Бізге түсті мұндай күй,

Сындыбек жездем аман бол,

Көрсетіп едің талай сый.

Мұхамеджан қартыма,

Сәлем жаздым артыма.

Қосылар күн болар ма?

Аман есен халқыма.

Құлмұхамбет ағамыз,

Қап тауындай панамыз.

Сағынған соң елді ойлап,

Күн сайын хат саламыз.

Мақытбек пен Үмбетпек,

Артық туған қара көк.

Балаларға ақыл айт,

Ел басқарған асыл тек.

Ешмұхамбет, Сегізбай,

Ақылың еді теңіздей.

Бар жастарға көзің сал,

Әкесі жоқ дегізбей.

Бұл өлеңінде Шыны атамыз ауылда қалған кемпір-шалдың, ақсақалдардың, қариялардың жақсылығын айта келіп, сол кездегі елде қалған жұртқа, Ақжазық ауылының төрағасы Көдеков Үмбетбекке және басқаларына арттан еріп келе жатқан кейінгі жеткіншектерге адамшылықпен қарап, қамқор болуды сұрап, ауылдың береке-бірлікте болуын тілеген. Шыны атамыздың хатпен келген осы өлеңін сол уақытта бүкіл ауылдың кәрі-жасы жаттап, ауыздан ауызға айтып жүрген екен.