«Ұлы Жеңіс» ордені 63 жылдан соң ардагердің жарына табыс етілген
- Нұрбүбі апа, 1941 жылы маусымның 22-сі күні талай қазақ шаңырағының басына қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы басталды. Сіз ол кезде қайда болдыңыз?
- Ол кезде мен Алматы қаласындағы бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын училищеде оқып жүр едім. Білімге ынта-жігерімнің арқасында тең құрбыларымның ортасынан оқ бойы озып шыққан болатынмын. Аспан ашық, күн шұғылалы, жасыл желекті сәулетті қалада ақ қанатты арманды аңсап жүрген кез еді. Соғыс бір-ақ күнде қара аспанды төңкерді де тастады. Училищеміз жабылып, бәрімізге оқытқан жылдарына анықтама қағаз таратты. Маған ғана озат оқушы ретінде Алматы педагогикалық училищесіне жолдама ұсынды.
Жастығым болар, оқуымды жалғамақ болып, елге оралдым. «Болашақта жоғары оқу орнын да бітіріп аларсың. Әзірге көз алдымызда жүре тұр. Саған дейін туған балаларым тоқтамаған еді», - деді әкем Жұмағұл қамығып. Ал шешем: «Сенен кейінгі балаларым шешек ауруынан шейіт болған еді. Қасымызда болшы. Ашық күнде найзағай ойнатқан соғыс мынау»,- деді көзіне жас алып.
Қарап отырған перзентін кім көз алдынан таса қылсын?! Ата-анамның назасына ұшырамау үшін ауылда қалдым. Ертеңіне мені аудандық оқу бөлімінің бастығы шақырды. Ол «Қағылез баласың ғой. Білгеніңді шәкірттерге үйрет. Біліміңді өз бетіңмен дамыт. Қатал уақыттың талабы осы»,- деп маған Бірінші Мамыр ұжымшарындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі деген бұйрықты ұстатты.
- Өмірлік жарыңыз болған Өміржан Медеуұлы туралы сыр шертсеңіз? Ол қандай адам еді, қандай қасиеттерімен ерекшеленетін-ді?
- Отағасы 1919 жылы Қаскелең мен Шамалған арасындағы Шөладыр елді мекенінде туған. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Өзбекстанда әскери борышын өтейді. 1941 жылы әскери борышы аяқталғанда соғыс басталады. Ол Смоленск майданына алынып, пулеметші болады. Жаумен кескілескен ұрыста пулеметші Өміржан Медеуов өз өмірін ойламай, Отанын қорғауда асқан ерлік пен батылдық танытады. Қанды шайқастардың бірінде қардай бораған жау оғының астында қалып, ауыр жарақат алады. Әскери дәрігерлер бірнеше ай бойы оның өмірі үшін күреседі. Сонан соң еліне демалысқа жіберіледі. Уәдесіне берік жігіт ата-анамның алдынан өтіп, өз әкесінің де батасын алып, екеуміз некемізді қиғызып, отау құрдық. Арада екі ай өткен соң Өміржан әскери комиссариатқа барып, қайтадан соғысқа аттанды. Ұшқыштар даярлайтын училищеге түсіп, Бішкектен денсаулығы жарамсыз деп танылып, 1943 жылы көктемде елге біржола оралды.
Өміржан екеуміз құдіреттің күшіне сыйынған жандар едік. Бір-бірімізді қас-қабақтан танып, көзбен ұғысатынбыз. Әйелдің жұмысына араласқанды ар санайтын. Әрбір азаматтың да мысы бар. Ер-азамат далада арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болғанымен, үйге оралғанда сәл де болса көңілі жайланып, жаны рақат табады. Жақсы жар ерін отбасында күтіп, баптай білуі керек.
- Өміржан атамыздың соғыста берілуге тиісті бір наградасы 2008 жылы табыс етіліпті ғой. Осы жөнінде айтып берсеңіз?
- Бұрынғы Кеңес Одағының соғыс өткен жерлерінде қызыл ізшілер отряды іздеу жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Көптеген наградалар мен құжаттар соғысқа қатысқан жандардың ұрпағына табыс етілуде. 2008 жылдың 7 мамыры күні Қоғамдық награданың ұлттық комитетінің президиумының тапсырмасымен Ресей Федерациясының генерал-лейтенанты Владимир Осипов Қаскелеңге келді. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері Өміржан Медеуовке Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Жеңіс» орденін табыс ету үшін келген еді. Өкінішке орай Өміржан Медеуұлы оны өз қолымен ала алмады. Ол 2001 жылы дүниеден озған еді. Орденді батырдың жұбайы ретінде маған тапсырды. Бұл жөнінде 2008 жылы «Пульс Карасая» газетінде Л.Оңғарбаеваның «Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі 63 жылдан соң награда Жандосовтағы батырды іздеп тапты» деген тамаша мақаласы жарияланды.
Ол соғыстағы ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін» ордендерімен, «Ерлік пен батылдығы үшін», «Маршал Жуков», «Еңбек ардагері» медальдарымен, басқа да көптеген медальдармен және Алғысхаттармен марапатталған еді. Қашан да халыққа қалтқысыз қызмет ете білу - үлкен азаматтық. Өміржан бар өмірін еліміздің игілігі үшін жанқиярлық еңбекке арнады. Ауылдық Кеңестің төрағасы болып, партия қатарының алдыңғы сапынан көрінді. Өз ортасына беделді жан болды.
- Ұстаздық жолыңыз қандай қасиетімен қымбат та қадірлі?
- Сұрапыл соғыс жылдарының зардабын кешсем де, өмірге 10 перзент әкелдім. Олардың дендері сау, ұқыпты, ұйымшыл, қайырымды, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болып өсулеріне көмектескен мейірбан енем мен өзімнің анам еді. Сол кісілердің арқасында өзім қалаған жұмысымды тастамай, 1976 жылға дейін мұғалім болып, зейнеткерлікке шықтым.
- Әр ұстаздың алдынан мыңдаған шәкірттер өтеді? Сіз де талай жас ұрпақтың ұлағатты білім алуына үлес қостыңыз...
- Иә, мені қадір тұтатын шәкірттерім өте көп. Шәкірттерімнің бірі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болған Мария Жүйріктаева. Ол 2004 жылы кездескенімде: «Сіз балалық шағымның куәсі ретінде маған айрықша ыстық жансыз. Ұлағатты ұстазым болдыңыз. Мектеп қабырғасында Сізге еліктейтін едік. Сіз айдында жүзген аққудай қалықтай басып, мектепке бара жатқанда сыртыңыздан сүйсініп, сол бір әдемі жүрісіңізді салуға ұмтылатынбыз»,- деді. Мен қатты толқыдым. Соншама жылдар бойы ұстазға деген махаббаттың жүректе кіршіксіз таза сақталғаны жанымды тебірентті.
1966 жылы «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі» атағын алдым. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті ісім бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» және Лениннің 100 жылдығына арналған медаль, «Еңбек ардагері» мерекелік медальдарымен және Ресей Федерациясының «Великая Екатерина» орденімен марапатталдым. Басқа мақтау қағаздарым да бір төбе. Ең үлкен де қасиетті орденім - «Ардақты ана» алтын жұлдызым. Бұны он баламды адамгершілігі жоғары, әдепті, мәдениетті азаматтар етіп тәрбиелеген ерен еңбегімнің белгісі деп білемін.
Мұғалімдік жолда Абай атамыз айтқан «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген қағиданы берік ұстанып, еш аянбай, бар білгенімді оқушылар зердесіне тоқытуға талпындым. Шәкірттерімді өз балаларыммен тең көріп, білім нәрімен сусындатып, тағылымды тәрбие беруді басты мақсатым деп санадым.
- Аналық ақ тілегіңіз?
- Қазақстанымыз да дамудың жаңа даңғыл жолына түсті. Өркениетке көш-керуенін бастап барады. Халқымыз аман, еліміз тыныш, бақ-берекеміз, ынтымағымыз жарасымын таба бергей деп тілеймін.
- Ойларыңызды ортаға салғаныңызға рақмет.