Ұлы Жеңіске 70 жыл: 74 жыл бұрын келген хат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соғыста хабар-ошарсыз кеткен аталарымыз Арыстан, Күштан Сабаевтардың бет-бейнесі әкемнің де есінде қалмапты. Себебі олар әскерге алынғанда, 4 жастағы ойын баласы екен, деп "Айқын" газетіне Сабаева Гүлбаршын естелігімен бөлісті.

Ұлы Жеңіске 70 жыл: 74 жыл бұрын келген хат

Соғыста шейіт болған үлкен әкелерімізден қалған белгі - сарғайған хаттар ата-әжеміз дүниеден өткен соң - әкеме, әкемізден қара шаңырақта отырған бауырыма өтті. Арыстай қос азаматтың көзі, өзіндей болып қалған белгі - 1941 жылдың 21 мамыры күні Беларуссияның Витебск қаласынан, сосын 1941 жылы 23 маусым күні атақты Брест қамалынан жазған үшбұрышты сарғайған хаттар ғана.

Әкем беріге дейін әрбір Жеңіс күнінде әбден сарғайып, жұқарған хаттың мазмұнымен бізді таныстырудан жалықпайтын. «Әскерге кетер алдында түскен суреті бар еді. Көшіп-қонып жүріп, бауырларымның тым болмаса суреттерін де сақтай алмадық» деп, тоғыз перзентінің әрбірінің жүзінен соғыстан оралмаған Күштаны мен Ыдырысына ұқсастық іздеумен отыратын.

Арыстан мен Күштан аталарымыз Ташкент қаласындағы Орталық Азия мұғалімдер дайындайтын университетін бітірген біздің өңірдегі жоғары білімді санаулы ғана азаматтардың қатарында болыпты. 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Байырқұм ауылындағы мектепте мұғалім болып жүрген жерінен әскерге шақырылып, фин соғысына аттанды. Әкем «Ыдырыс ағамыз - соғыс алдында әскер қатарында жүріп, лейтенант шенін алған санаулы қазақ жастарының бірі еді» деп отыратын. 1941жылы Батыс Белоруссияда әскери қызметте жүрген Күштан атамыз сол жылдың 21 мамырындағы хатында № 17 шекарашылар отрядына қабылданғанын жазған. Ал 1941 жылы 23 маусым күні, өзінен бірер жас қана кіші бауыры, сол кезде Байырқұм ауылында орта мектепте мұғалім болып жүрген Ният атамызға жазған хатында оның себебін былай деп түсіндіріпті: «1941 жылғы 21 маусым күні 8 мыңдай жауынгер қала сыртындағы әскери жаттығуға шыққан едік. Қасымда Қазақ­станнан Файзолла Тұрымов, Әбдіразақ Мәми, Тұрар Сатыбалдин бар. Бәріміз де әскери міндетіміздің мерзімі аяқталып, 1941 жылғы маусымның 22-сі күні сағат 10-да үйге қайтуымыз керек болған, бірақ таңғы сағат төрттер шамасында соғыс басталғанын естідік. Алдағы күндерде менен хат-хабар келмесе, алаңдамаңдар. Себебі қағаз-қалам ғана емес, қару-жарақ та тапшы. Кеудемде жаным болса, өзім хабар беремін. Ыдырыстан хат хабар болса, айтарсыңдар. Әке-шешемді күт, бауырларыңның сабағын қадағала».

Бұл - атамыздың соңғы хаты. Ресми орындардан келген жауап атамыз Бұршақбай Сабаевқа 1949 жылы Мәскеуден, Ұлы Отан соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткен қатардағы жауынгерлер және сержанттарды есепке алу бөлімінің бастығы, майор В. Гусев қол қойған, № 1480703 болып тіркелген тілімдей хабарлама. Онда ағайындылар Сабаев Күштан мен Ыдырыстың Брест қорғанысы кезінде хабар-ошарсыз кеткені, хабар болса қосымша хабарланатыны айтылған.

Кеңес халқының неміс фашизміне қарсы күрестегі Ұлы Жеңісіне жеткізген жол - соғыстың алғашқы күндерінен, яғни Брест қамалынан басталғанын, тарихтан білеміз. Брест қорғаны үшін шайқас Беларуссияның бір шетіндегі елеусіз қаланы тарихи, қаһарман қалаға айналдырды. Тарихшылар да, әдебиетшілер де, режиссерлер де халі мүшкіл қала тұрғындарының сол сәттегі жанқиярлық ерлігін қаз қалпында бүгінгі ұрпаққа жеткізуге талпынып келеді. Тарихи деректер де, құрамында менің Күштан атам болған 8 мың адамы бар №17 шекарашылар отрядының соғыстың алғашқы күнінде неміс армиясымен бетпе-бет қалып, қиян-кескі шайқасқанын айтады. Брест қамалының шағын гарнизоны гитлершілдердің тегеурініне төтеп беріп, ең таңдаулы рейхтың 45-жаяу әскерлер дивизиясымен бір ай бойы шайқасты. Бақай­шағына дейін қаруланған фельдмаршал фон Клютенің төртінші армиясы мен әскер корпусына тың күш - үш бірдей дивизия қосып алған генерал Шрот армиясы, генералдар Гудериан мен Годтың аса қуатты екі танк тобы лап қойған тұста бірінші болып қатерге бас тіккен №17 отрядтың 8 мың сарбаздары кімдер еді? Күштан атамыздың қолымызда сақталып қалған хатында «қасымызда қазақ сарбаздары көп. Қазақстаннан Файзолла Тұрымов, Әбдіразақ Мәми, Тұрар Сатыбалдин бар» деген жазбалары біраз жайттан хабар береді.

Брест қорғаны үшін шайқаста 25 мыңнан астам қазақстандық соғыстың алғашқы айында қаза тапты. Ал алғашқы 10 күнінде Кеңес армиясы 1 млн-нан астам жауынгерінен айырылды. Бір мезгілде 300-ден астам ауыр артиллерия, екі тонналық зіл-батпан оқпен атқылағанда, әуеден есепсіз «мессершмидтер» бомбалап, дүниенің астан-кестеңін шығарған­да, бойды үрейге билетпей, әр ісін ақылға, сабырға жеңдірген сайыпқыран қазақ солдат­тары кімдер еді? Жекелеген болжамдардың айтылатыны болмаса, бұл сауалға нақты жауап жоқ. Соғыс басталған кезде Брест қаласында 30 ұлттың өкілінен құралған 7-8 мыңдай әскер болған екен.

Жоғарыда айтып өткендей, Бұршақбай атамыз да, үлкен әкем Ният та, өз әкем Айтжанбай да беріге дейін ағаларын іздеді, үміті үзілмеді. Ел-елге, жер-жерге сұрау салып, «Сабаев» деген тегі бар адамдарға хабарласып, табылғандарының ағаларына қатысы бар-жоғын іздестіріп жүрді. Ният атамыздың «Сабаев» деген фамилиясы тек мұсылман­дарда емес, славян тектестерде көп екен. Әсіресе, орыстарда. Олардың қайсы­біріне барып, есік қағасың. Бізді сол тоқтатты» деп отыратыны әлі күнге дейін көз алдымда. Үлкен әкеміз қайтыс болған соң, әкем бауырларының соңғы хат жазған жері - Брест қорғанына барып, белгісіз жауынгердің басына гүл шоғын қойып қайтты. Бұл -1995 жылдың мамыр айы еді. Әкем сол сапары жайлы күнделігінде «Қала құрылысымен айналысатын мамандар ғана емес, қаланың тұрғындары да аттап бассаң, шұқып қалған жеріңнен адам сүйегі шығатынын, мұндай басында белгісі жоқ, адам сүйегі шашылып кеткен «зират» Кеңес Одағының соғыс жүріп өткен ешбір елінде жоқ екенін айтады. Брест қорғанында 1971 жылдан композитор Шуман­ның «Азасы» қаралы елге жоқтау айтқандай күңірене естіледі. Бұл маған бауырымның әруағына бағышталған Құран аяттарындай болып естілді» деген жазба қалдырыпты.