ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Ағалар естен кетпейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Біздің ауылдан 200-дей адам соғысқа қатысқан. Бәрі де бір адамдай-ақ соғысқан. Ешқайсысы батыр болмаған. Ешқайсысы қашқын да болмапты. Майданнан аман оралғандарын көрдік, ал опат болғандардың балаларымен қатар өстік. Олар менің ағаларым еді», - деп еске алады Алматы облысы Талғар ауданы Туғанбай ауылы Ержұман Смайыл.

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Ағалар естен кетпейді

«Әттең, бойдың келтесі-ай... 1919 жылы туған Ахмет Сәлімбаев 19 жасында әскерге кетіп, Талдықорғанда, Аягөзде снайперлер мектебінде оқыған. Кейін соғыс басталған соң, Беларусь майданының құрамында болған. Мәскеу үшін ұрысқа, Ржев шайқасына қатысып, соғыспен Калининградқа дейін жеткен. Берлинге шабуыл кезінде Рақымжан Қошқарбаевтың қарамағында снайпер екен. Шабуыл алдында шайқастарда көзге түскен бес жігітке рейхстагқа қа­дау үшін қызыл жалаудан берілген. Солар­дың бірі қатардағы жауынгер Ахмет Сәлімбаевқа да тиіпті. Сапқа тұрған төртеуін шолып өткен Рақымжан ағасы:

- Әй, Сәлімбаев, саған жігіттер иығын тосып, көтеріп, қолыңнан тартып шығарып келеді. Рейхстагты көріп тұрсың, сыртқы қабырғасы да, қабаттары да биік. Бауырым, сен одан да анау ағаштың үстіне шығып, бірде-бір немістің басын қылтитуына мұрша берме. Қайсымыз жалау тіксек те, бәріміздің тіккеніміз болады, - дейді.

- Құп болады, аға, құдай қуат берсін!

- Әй, коммуниске құдай қуат берсінің қалай?

- Артық болмайды, аға.

- Ал жарайды, әумин!

«Әттең, бойдың келтесі-ай» дегенді ыңылдап, Ахмет ағаштың басына шығып, жапырақтарын жамылып, винтовкасын кезеніп отырады. Жігіттер шабуылға кеткенде снайперлер рейхстагтан қылт еткен немістерді атып түсіріп тұрған. Ту алған үш жігіт жау оғына ұшады, ал Рақымжан ағасы өз туын тігеді. Сол достарымен түскен суреті болған екен, кейінге дейін сақталмапты. Ахмет аға қолтоқпақтай ғана кісі еді. «Осы ағамыз Берлинге шабуылға қатысқан» деген ой ешқашан тумаған. Сөйтсек, бойының аласалығынан ғана жалау көтер­гендер қатарында бола алмапты. Әттең, бойдың келтесі-ай десеңші. Кейін Ахмет аға көбіне есек мініп жүретін. Үш ұлы, екі қызынан тараған ұрпақтары ауылда, Алматы қаласының төңірегінде тұрады.

Ауылды Польша жерінен артық көрген

1936 жылы Украинаның Житомир облысынан поляктар Қазақстанға жер аударылып, Фрунзе ауылына келгенде ерлі-зайыпты Виктор және Антонина Янушкевичтер жастығымен әрі көрікті­лігімен көзге түскен екен. 26 жасар Виктор Антонович аққұба өңді, бойшаң келген жігіт болып, өздерін қарсы алған қазақ отбасыларымен, құрдас жігіттермен бірден араласып, олардың арасында «Бектор» деген ат алады. Әйелі Тоня екеуі колхоздың барлық жұмысына кірісіп, жұрт қошеметіне бөленеді. 1937 жылы үлкен қыздары Бронислава, 1939 жылы ұлдары Станислав өмірге келеді. Қазақ ұл-қыздарының арасында Броня, Стасик болып кеткен екеуінің қалай жүріп, жүгіргенін Виктор Антонович әйелінің хаты арқылы ғана білген. Ол 1941 жылы соғыс басталғанда еңбек армиясына шақырылып, Кемеров қаласына жіберілген. Бір жыл осындағы шахтада жұмыс істеп, көзге түскен оны 1942 жылы майданға аттандырады. Бұл кезде Войско польскоеге қамқорлық жасалып, адамдар қатарын толықтыру қажет болғандықтан, Виктор Янушкевич поляк әскеріне бөлінеді. Содан 1945 жылға дейін атты артиллерия құрамында совет және еуропалық қалаларды жаудан азат етуге қатысқан. Соғыс барысындағы операциялар кезінде көзсіз ерліктер жасаған жігіт поляк жасақтары құрамында айрықша аталатын болған. Поляктар оның Польша тілінен гөрі өздерімен қатар соғысып жүрген қазақтармен қазақ тілінде еркін сөйлесетінін көріп, таңданысқан екен. Совет әскерлерімен қатар Войско польское Польшаны азат етуге қатысады. Бұдан кейін Виктор Берлин үшін шайқасқа қатысып, жеңіс күнін осында қарсы алады. Поляк үкіметі ержүрек жігітке Поль­ша­да қалуды ұсынады. «Отбасыңды осында алғызамыз, барлық мәселені реттейміз, өзің азат еткен еліңнен жер бергіземіз» дейді. Янушкевич: «Фрунзені қимадым, сондықтан орталарыңа қайта оралдым», депті. Ал осы жайтқа тереңдей үңілсек, Янушкевичтің Польшаға оралмауында бірнеше себеп болған сияқты. Біріншіден, ол өзге поляктар секілді Украинадан жер аударылғандар қатарында болған. Ал бұл мәселені шешу оңай шаруа емес еді. Себебі, соғысқа қатысса да, ауылда озаттар қатарында аталса да, ақталуы 1960 жылға қарай жүзеге асқан. Екіншіден, Украинада тұрғанда, ешкім поляк тілінде сөйлеспеген. Сондықтан, ересектер болмаса, жастары поляк тілін тіпті білмеген. Үшіншіден, шынында да ол Фрунзе деген ауылға, осындағы қазақтарға бауыр басып қалған еді. Осының бәрі ауылды Польша жерінен артық көруіне себеп болған сияқты. Соғыстың көптеген наградаларын алған. Мектепте оқығанда, оның кенже қызы Зосямен қатарлас класта оқыдым. Әкесіне қатты ұқсайтын қыз көрікті болатын. Кейін институт бітіріп, ауылда мұғалима болған. Осында болашақ жарымен танысып, екеуі отбасын құрған. Күйеуі қайтыс болған соң Зося қызымен бірге Есік қаласына көшкен. Виктор Янушкевичтің ұрпақтары Ресейде, Қазақстанның бірқатар облыстарында өмір сүруде.

Естайдың төрт боздағы

Ағайынды Естаевтарға ауыл адамдары сүйсіне қарайтын, төртеуінің істегі тиянақтылығы, сөзде тұра­тындығы, ұстаса кеткендегі қару­лылығы жұрт ­арасында оларды «Ес­тайдың төрт сұлтаны» атандырыпты. Ағайындылардың үлкені - Естаев Ұшпай Фрунзенің төңірегіндегі алғашқы артельдердің біріне төраға болған сыңайлы. Соғыс басталғанда 34 жасар Ұшпай алғашқылар қатарында майданға аттанған. Әйелі Күлжәмилаға: «Сталинград қаласынан өттік» деген хат келіпті. Содан кейін ештеңе ­болмай, 1941 жылдың аяғында «қара қағаз» жетіпті. Ұлы Оразхан мен келіні Айша Қонысбайқызынан тараған ұрпақ­тары Алматы қаласы мен облысында тұрады. Естаев Сәрсен де ерте көзге түсіп, шаруашылықтағы кіші бастықтардың қызметін атқарып жүрген. Зылиқа деген көрікті жарынан Жұмақан деген ұл, Айымхан, Айымжан деген екі қыз сүйіп, бақытты болып жүргенінде соғыс басталған. 32 жасар Сәрсен майданға аттанып, содан еш хабар болмай, «қара қағаз» бір-ақ келіпті. Ағаның ұл-қыздарынан тараған ұрпақтары Алматы қаласы мен облысында, Айымхан тәтем ауылда тұрады. 1912 жылы туған Естаев Жексенбай 1939 жылғы сентябрьде Қызыл армияға шақырылады, алғашқы кездері әйеліне хат келіп тұрған. Ауылда қалған қызын қатты сағынатынын жазады екен. Қай жерде қызмет атқарып жүргені айтылмайды. Кейін соғыс басталғанда алғашқы ұрысқа кіреміз деген хаты жетіпті, басқа хабар болмаған, «қара қағаз» келген. Әйелі соғыс біткенше «бәлкім, жараланған болар, келіп қалар» деп күтеді. Күдері үзіліп, үміті сөнген соң тұрмысқа шығып, Алматы жаққа кеткен сыңайлы. «Байға тиіп кетті», деп абысындары жақтырмайды, сол қалпы хабар үзіледі. Жексенбайдың суреті табылмағаны былай тұрсын, ұрпағынан көз жазылып қалған. Ағайынды төртеуінің ең көріктісі, болашағынан көп үміт күттірген Естаев Өтешбай соғыс басталғанда 22 жаста ғана екен. Жеңгелері ерке қайныларын үйлендіріп те үлгермейді. Майданға аттанған Өтешбайдан еш хабар болмапты. Ұшпайдан соң Күлжәмила апамызға «ерлікпен шайқасып, қаза тапты» деген «қара қағаз» Өтешбай үшін де келіпті. Кейін оларды «Естайдың төрт боздағы» дейтін болыпты.

Жылқышы Маманның Еуропаға жаяу жетуі

Іле аудандық «Сталин туы» газеті 1942 жылғы 20 октябрьдегі нөмірінде колхоз председателінің «22 биені аман құлындатты» деген хабарын бас­қан. Әкімжан Баймолдаев материалында былай деп жазыпты: «Фрунзе колхозының мүшесі Сарыбаев Маман бірнеше жылдан бері жылқы бағады. Ол осы уақыттарының ішінде бір де шығын шығарған жоқ. Жылқысы ылғи семіз болады. Биыл 14 бие құлындату планының орнына 22 биесі құлындады. Құлындарының күтімі жақсы. Сарыбаев социалистік жарысқа ұштаса отырып, жылқысының қысқы жайылымын қамдау үшін және майдандағы жауынгерлерге көп жүйріктер өсіріп беру үшін міндеттенді». Маман кісінің өсірген көп жүйріктері өзіне тимей, 1942 жылдың қысында май­данға алынып, Сталинград үшін болған жан алысып-жан беріскен шайқастардан бастап, Чехословакияға дейін жаяу жеткен. 1900 жылы туған ол өмір бойы мал бақса, осы үш жылда жаяу жүріп, талай хикметті көрген. Талай елді азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін сол үйреншікті жұмысына оралып, жылқысын баққан. 1974 жылы қайтыс болып, ауылда жерленген. Қызы Қамила мен күйеу баласы Дәуітбектен тараған ұрпақтары Алматы қаласында тұрады.

Бауыр өмірден де ыстық

Бұл оқиғаны Қожағұл Жекебаев ағамыздың өз аузынан естігенбіз. Ол кісі 1914 жылы туып, соғыс басталғанда алғашқылар қатарында майданға кетіпті. Бір топ ауылдастар бірге соғысыпты. Кезекті ұрыста қоршауда қалған бұлардың тобына шегініп кеткен біздің әскерлер көмекке келе алмайды да, оқ-дәрілер таусылған жауынгерлерді немістер тұтқынға түсіреді. Қожағұл ағамен бірге ауылдан ағайынды Жақыпбаев Ештай және Жақыпбаев Жанпейіс болады. Тұтқындарды Польшаға әкеліп, жұмысқа салады. Кішігірім таудың сайынан қопарылған тастарды төбеге шығарып, оны қол арбамен теміржолдың бойына жинайды екен. Бір күні ағылшындардікі ме, советтікі ме, екі самолет айнала қоршап тұрған неміс күзетін бомбалай бастайды. Осыны пайдаланған тұтқындар жан-жаққа қашады. Қожағұл, Ештай мен Жанпейіс бірге зытады. Тұтқындардың қашқанын көрген немістер соңдарынан пулеметтен, автоматтан оқ жаудырады. Сондай оқтың бірі Жанпейістің санына тиіп, жаралы болады. Қан тоқтамайды, Қожағұл жейдесінің екі жеңін жыртып, жараны байлайды. Ештай екеуі Жанпейісті арқалап жүреді. Сөйтіп, жайқалып өсіп тұрған бидайға тап болады. Ішіне кіріп, бидайдың басын алақандарына уатып, қауыздан тазартып, Жанпейістің аузына салады. Өздері де шайнап, суын сорады. Аш қарынға түскен нәр кәдімгідей әл береді. Бірақ қаны тоқтамай аққан Жанпейіс әлсірей бастайды. Бидайдың арғы шеті тоғай сияқты. Екеуі достарын кезек-кезек арқалап, солай қарай жүреді.

- Мені тастаңдар, екеуін құтылыңдар, - дейді Жанпейіс.

- Бәріміз де құтыламыз, мына тоғайға жетейік, - деп Қожағұл Ештайды ауыс­тырады. Тоғайға жақындап қалғанда Жанпейістен мүлде әл кетеді.

- Ештай, мені тастаңдар, сен құтыл, балаларға ие боларсың, - дейді Жанпейіс.

- Бауырым-ау, сені тастап, қайда бармақпын, - деген Ештай енді Қожағұлға қарап: - Сен тоғайды шолып келші, ар жағында ауыл жоқ па екен, мына бидайды еккендер бар шығар, - дейді. Қожағұл жүгірген бойы тоғайға келсе, іші сай екенін, ешқандай ауыл жоқтығын көріп, кері қайта бергенде немістің күзет иттерінің әупілдеп үргенін естиді. Сөйткенше болмайды екі иттің соңынан жүгіріп келе жатқан төрт неміс көрінеді. Осы кезде Ештайдың жан ұшырған даусы шығады.

- Қожағұл, мұнда келме, құтыл! Ештай мен Жанпейістен елге сәлем айт, құт... - соңғы сөзін айтып үлгермейді, автоматтың қысқа қайырылған кезегі үнін өшіреді. Иттер жұлмалай бастаған Жанпейістің ойбайлаған үні келесі автомат даусынан кейін шықпай қалады. Ауылдан бері бірге келе жатқан екі жерлесінен, қарулас достарынан айрылған Қожағұл енді зыта жөнеледі. Солай екі тәулік бойы қашқан ол бір жерде жатса, ұйықтап кеткен екен, орыс сөздерін естіп көзін ашады. Сөйтсе өзі сияқты тұтқыннан қашқан екі орыс екен. Үшеуі тағы бір күн жүріп, поляк армиясына кездеседі. Солармен жарты жылдай жауға қарсы соғысып, көзге түседі. Кейін шабуылдап келе жатқан өз әскерімізге қосылады. Қожағұл аға 1971 жылы қайтыс болды. Әйелі Бәтес апа екеуінің Кенжегүл деген жалғыз қыздары бар еді. Төрт жыл бұрын Кенжегүл, ал күйеу баласы Орынтай былтыр дүниеден өтті. Ештай ағаның Тұрғынбай және Жұбай деген ұлдарынан, Жанпейістің Нұрмыш деген баласынан, ал Қожағұл ағаның Кенжегүлден тараған ұрпақтары Алматы қаласы мен облысында, ауылда тұрады.

Оразалы ағаның наградалары

Үш ағайынды Жетпісбаевтардың үлкені Оразгелді аға соғысқа қатысып, 1942 жылы жараланып қайтқан. Бір аяғы ағаштан еді. Сонысына қарамай, атқа мығым отыратын. Жастау кезінде көкпарға да қатысқан көрінеді. Соғыс мүгедегі болса да біраз жыл қой баққан. Ұрпақтары Алматы облысында және ауылда тұрады. Жетпісбаев Оразбай жөнінде соғысқа алынып, хабар-ошарсыз кетті дегеннен басқа ештеңе жоқ, суреті де сақталмаған. Жетпісбаев Оразалы аға 1892 жылы туып, 49 жасында майданға аттанған, жаяу әскерде болып, Берлинге дейін жеттім дейтін өзі. Жетсе, жеткен шығар, медальдері көп болатын. Қызы Сағатпен ауылдағы мектепте бірге оқыдым. Оразалы аға майдандағы жорықтары туралы, өз ерліктері жөнінде әңгімені аңыздай етіп айтатын. Біз соның бәріне сенетінбіз. Сондай әр ерлігін омырауындағы бір медалімен дәлелдейтін. «Шабуылға шығып, жау окобына секіріп түссем, бір неміс қарсы жолықты. Әлгінің тамағына жармаса кетіп, тұншықтырып өлтірдім. Содан қолым қарысып қалып, саусақтарым әлгінің кеңірдегінен ажырамайды. Сол кезде командиріміз шабуылға көтеріп: «Ура, за мной!» деп жүгірді. Мұндайда жүгірмесең, қорықтың дейді. Ал мен ешқашан қорыққан емеспін. Әлгі немісті арқама салып, мен де жүгірдім. Иттің ауырын-ай, әбден шаршадым. Келесі окопта командирім келіп, өте разы болды. Екі солдат немістің өлі денесін ұстап, екі солдат мені тартқан кезде әлгінің кеңірдегі суырылып кетті. Командирім мына медальді берді», деп омырауында сыңғырлаған наградасының бірін көрсетеді. Ешқашан қандай медаль екенін қараған емеспіз, ешкім олардың құжатын да тексермейтін. Бала кезде Оразалы атамыз ең батыр болып көрінетін. Ендігі бір әңгімесі тіпті қызық. «Жау үсті-үстіне шабуылдап, мен пулеметпен әлгілерді қырып жатырмын, қырып жатырмын. Ақ қардың үсті кілең өлі фашистер. Айналамда ешкім қалмағандай. Шегін деген бұйрық болмаған. Жалғыз өзім өлмей берілмеске ант етіп соғыстым. Пулеметтің стволы қып-қызыл болып кетті. Ал мен ата бердім. Бір кезде қаншама адамынан айрылған жау қаша жөнелді. Сол кезде «Молодец, товарищ Жетпісбаев!» деген дауыс шықты. Жалт қарасам - Сталин жолдас екен!» дейтін ағамыз. Бала кезде сенетінбіз, сәл есейгенде күлетін де қоятынбыз.

Мамытқан ағайдың әңгімелері

Рақышев Мамытқан - 1919 жылы туған. 16 жасында жетіжылдықты біті­ріп, педучилищеге түседі. 1939 жы­лы мұғалімдік қызметін бастайды. Бірақ сол жылдың күзінде армия қатарына шақырылып, әскери курстан өтеді. Соғыс басталғанда лейтенант Рақышев біршама ысылып қалған болатын. Кавказ үшін болған ұрыстардан бастап, шайқастармен Берлинге дейін жеткен. Польшаны, Чехословакияны азат етуге қатысқан. Ағайдың соғыс наградалары біршама болатын. Взвод командирі Мамытқан Рақышев ерліктері үшін Қызыл жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және «Кавказды қорғағаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдерімен наградталған. Сондай-ақ, Сталиннің алғыс хатын алған. Соғыстан кейін өзінің мұғалімдік қызметін жалғастырды. Ағай соғыс туралы әңгіме айтқанда дүниенің бәрін ұмытып, қан майданның ортасында жүргендей болып кететін. Кім білсін, соғыс және майдангерлер ерлігі туралы дұрыс түсінігіміз қалыптасуына Мамытқан ағайдың әңгімелері әсер еткен болар. Өкініштісі, ағай алпыс жасқа да жетпей қайтыс болды. Өмірлік жары Нұржамал тәтей екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Болатпен қатар оқыдық, кейін ол үлкен ғалым болып, академик дәрежесіне дейін көтерілді. Кенже ұлы Сәкен көрнекті әртіс болды. Қыздары Бикен мен Айткүл өмірден өз орындарын тапты. Қара шаңырақта Нұржамал тәтей отыр, қолында екінші ұлы Марат пен келіні тұрады.

«Соғыссаң, әне, Кеңқандай соғыс»

Бұрын күн арқан бойы көтерілген соң ауылдың ақсақалдары кеңсенің, дүкеннің алдына жиналып, әңгіме-дүкен құрып отыратын. Сөйтсем, бұл әдет соғыс аяқталып қалған 1944 жылдан басталған сияқты. Барлығы жиналып, майданнан оралғандардан әңгіме тыңдайды, әйтпесе, соларды әңгіме етеді екен. Әркім-әркімнің орден-медальдеріне қарайтын көрінеді. Соғыс жеңіспен аяқталғанда жеңімпаз жауынгерлерді бір талқыға салып алу әдетке айналыпты. Сондай қарсы алулар мен сараптаулар басылғанымен, шалдар жиналып алып, бейбіт күннің әңгімесіне қарай ойысады екен. Соғыс аяқталғалы екі жылдай өткен күндердің бірінде қыстыгүні кеңсенің алдына келіп тоқтаған шанадан түскен жігіт қарияларға қарай беттепті. Көзі өткірлері бірден танып, «Өй, мынау Жекебайдың Кеңқаны ғой», десіпті. Отыз бір жасар жігітті орталарына алып, біраз дуылдасыпты. Кім болғанын, қалай соғысқанын, кеудесіндегі орден-медальдері қалай аталатынын сұрамай ма - соның бәріне жауап беріп, Кеңқан аға үйіне әзер дегенде жетіпті. Сонда ауыл қарттарының аузымен айтылған сөзі екен: «Соғыссаң, әне, Кеңқандай соғыс!». Талқанбаев Кеңқан - 1916 жылы туған, 1939 жылы күзде әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Краснояр өлкесіндегі Ачинск қаласында артиллериядан атқыштар мектебінде үш айлық курстан өтеді. Сол жылғы қыста ақ финдерге қарсы соғысқа қатысып, 1940 жылы көктемде Чита қаласына артиллеристер полкына келеді. Осы жерде дайындықтан өтіп, оқтаушы да, көздеуші де бола алады. 1941 жылы соғыс басталғанда бар қару-жарақтарын эшелонға тиеп, батысқа аттанады. Белоруссияның Гомель қаласы маңында 26 шілдеде алғашқы ұрысын өткізеді. Бірінші Беларусь майданынан Рокоссовкий бастаған армия Ленинградты қорғауға келіп, үлкен ұрыстарға қатысады. 1943 жылы Финляндия жеріне екінші рет аяқ басып, Прибалтиканы азат етуді бас­тайды. Сол жылы күзде жараланып, жазылып шыққан соң қайтадан өз полкына қосылады. 1944 жылы Курск иініндегі шайқасқа орудие командирі ретінде қатысып, жаудың бірнеше танкісін жойып, көзге түседі. Польшаны азат етіп жүргенде тағы жараланып, 1945 жылдың басында госпитальден шығып, өз пушкасымен неміс жеріне енеді. Фашистік Германияның сөзсіз тізе бүгуін Берлиннен 35 шақырым жердегі қалашықта естіп, 9 майда осында салют атқан екен. 19 майда батыстан шығысқа жол тартып, Халхинголға жетеді. Кеңқан аға жапон армиясын қалай жеңгендерін өте әсерлі етіп айтатын: «Алдымен бес сағат бойы катюшалар атқылады, одан кейін біз алысқа жететін снарядтарды нысаналарға жібердік, сосын танкішілер өтті, одан қалғанын жаяу әскер жүріп тұтқындады. Сөйтіп, үш күннен кейін квантун армиясы жоқ болып кетті». Кеңқан аға соғыстың алдында басталған әскери қызметін енді Берлин қаласының маңында жалғастырып, 1947 жылы ауылға қайтқан екен. Төрт орденнің, алты медальдің иесі болған аға ауылда әртүрлі жұмыс істеді. Бүгінде оның ұл-қыздарынан тараған 19 немересі, 12 шөбересі бар екен. Олар Алматы қаласы мен облысында тұрады.

«Ой, көкем, Алматыдай қала бар ма?»

Рысбаев Дүмшен - 1901 жылы туған, нағашымыз ағайындылардың ішінде төртіншісі, ал анамыз Күләш он алтыншысы екен. Сол он алтыдан қалған екеуі ғана. Нағашы ағамыз 1941 жылы соғысқа кетіп, 1944 жылы жараланып қайтқаны рас. Сталинград шайқасын айтқанда көзіне жас келетін. «Ешқандай қаруы жоқ жігіттерді алғы шепке жібереді, - дейді нағашымыз. - Күтіп жатамыз, біреуі өлсе соның винтовкасын алып, ата бастаймыз. Командиріміз ылдым-жылдым екенімді көрген соң алдыңғы окоптағыларға тамақ тасуға бөлді. Арқама дәу бидонды таңып алып, жүгіремін. Жау самолеттері мені күтіп тұрғандай келіп шүйлігеді. Атпайды, қорқытады. Менің міндетім - тамақты аман жеткізу. Ана пәлелер бидонды атады. Әйтеуір аман-сау түскі тамақты жеткіземін». Немістерді қуып, Украинаға жеткені де рас. «Киевтің қасындағы бір аэродромды басып алдық. Үлкен цистернадан керосиннің иісі шығады. Шинелімізді малып-малып киіп аламыз. Жап-жаңа болып тұрады. Бірақ оны ішуге болмайды екен», дейтін. Кейін, 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығына сыйлыққа бір самаурын алғаны да, оны бес самаурынның құнына жуғаны да рас. Кезекті бір шайқаста автоматын ұстап келе жатқан оң қолынан оқ тиіп, емделген соң әскери дәрігерлер елге қайтарған екен. Келген соң әр үй қонаққа шақырып, алдына бір бөтелке қояды. Оны өзі ғана тауысады. Содан кейін әдемі әуенмен әскерден жазылған өлең-хаттарын айтады. Жалпы ол хаттар оншақты болатын. Хат танымаған соң біреуге айтып жаздыртады. Көбісі госпитальде жатқанда жолданған көрінеді. Ал басқа жаралылар өлең хаттағы адам және жер аттарын өз ауылдарындағылармен ауыстырып, бәрі үйге сондай хаттар жолдайтын болған. Соның ең бірінші хатын апама бірнеше рет қайталатып, оны нағашы апамыз тағы түзетіп, жазып алып едім. Қырық жылдай сақталған сол хатты тұтас келтірейін. Онда соғыс салған тауқымет те, ағайын-туғанға деген сағыныш та, ауылдағы бейбіт тірлік те көрініс береді. Нағашымыз 1983 жылы қайтыс болған. Ұлы Нұрланғазы мен келіні Ұлтайдан тараған ұрпақтары Алматы қаласы мен облысында тұрады.

Сәлем хат

Ой, көкем, Алматыдай қала бар ма,

Әлила, Қалиладай бала бар ма?

Өзібек, Өкісбай мен Қатипашым

Құдайым көрсететін шараң бар ма?

Біз кеткен Фрунзедей ауыл қайда,

Қоштасып жолға салған қауым қайда?

Алыстан қолын бұлғап тұратындай,

Алатау бұлттан биік тауым қайда?

Құрөзек, Талғар өзен, Есіктімен

Біздерді жатар ма екен кешікті деп.

Соғыстың фашист салған сор батпағын

Етікпен тілерсектен кешіп келем.

Ауылдан барлық жерді кем көремін,

Білмеймін оған ненің тең келерін?

Молдекең аман жүр ме малын бағып,

Сұлуке, Ұлтай, Яжан жеңгелерім?

Жау қолы тұрған кезде жағамызда,

Соғыспай одан қорқып қаламыз ба!

Талбике, Теңгебала, Жәмәлиге,

Сәлем де Наурызбайдай ағамызға.

Ой, жаным, қандай сынға салды құдай,

Аққанын кім көріпті қанның судай?

Оңғешке, аманбысың, ай мен күнім,

Жарқырап жаның таза таңғы нұрдай.

Үшбу хат сәлем жеткіз Зылихаға,

Кішкентай Айымжан мен Айымханға.

Аман ба Смайыл мен Күләш қалқа,

Амандық болсын нәсіп баршамызға.

Әкенің тілін алып, оқымадық,

Болды ма біле алмадым жырым қанық?

Біреуге айтуменен хат жазамыз,

Жүректе талай-талай сырым қалып.

Ой, көкем, соғыс таңмен басталады,

Талай жан ажал оғын жастанады.

Дүние астаң-кестең боп жатқанда,

Не келіп, не өтпейді бастан әлі...

Алғы шептен Рысбай баласы Дүмшен

Сөз соңы

Иә, Фрунзе ауылы - менің ауылым 1941-1945 жылдарғы 1418 күнге созылған алапат соғыста адам айтқысыз ауыр сынға төтеп берді. Оның ұлдары майданда от кеше жүріп шайқасты. Менің ауылымның адамдары жеңіс жолында өздерін де, өздерінің жастық шақтарын, бақытты өмірі мен денсаулығын да құрбан етті. Шет жерде қалғандары мен ауылға оралып, көз жұмғандарына иманын, тірі жүргендерге берекесін берсін деп тілейік», - деп жазылған «Егемен Қазақстан» газетінде.