Ұлы Жеңіске 70 жыл: Оралда «Аталардың ерлігін жыр етем келер ұрпаққа» атты байқау жеңімпаздары анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Аталардың ерлігін жыр етем келер ұрпаққа» атты облыстық қолжазба жинақтар байқауы мәреге жетті.
None
None

БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған байқау 2014 жылғы 15 желтоқсан мен биылғы 15 ақпан аралығын қамтыды. Оның мақсаты - жеткіншектерді Ұлы Отан соғысы туралы поэзиялық және прозалық шығармаларды оқуға тарту арқылы өз Отанын сүюге, туған елі мен жеріне адал болуға тәрбиелеу, осы бағыттағы кітапханалар жұмысын жандандыру, оқырмандардың танымдық белсенділігін көтеріп, шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Үздік жұмыстар қолжазба кітапты жасау талаптарына сай болуы тиіс еді, яғни кітаптар Ұлы Отан соғысындағы аталар ерлігі туралы жазылды. Қолжазба кітап қолмен жазылған мәтіннен және иллюстрациядан тұрды .

Байқауға облыстың барлық он екі ауданынан және Орал қаласынан 330-дан астам жұмыс жиналып, қазылар алқасының шешімімен соның 78-і үздік деп танылды. Сайыс жеңімпаздары жас ерекшеліктеріне қарай жүлделі орындарды иеленіп, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, 1-4 сынып арасында Орал қаласындағы №12 мектептен Елдәулет Насибуллин озық шықса, 5-7 сыныптардан Оралдағы №20 орта мектептен Әлихан Бақытжан, 8-10 сыныптардан Оралдағы дарынды балаларға арналған №8 орта мектептен Әлішер Қуаншалиев бірінші орынды иеленді. Топтық жұмыстар бойынша Орал қаласындағы №23 орта мектеп оқушылары үздік атанды. Жүлдегерлерден басқа «Менің атам - батыр, «Ұлы ерлікке тағзым», «Көркем безендіру» аталымдарының иегерлеріне дипломдар, балалар жетекшілеріне алғысхаттар табыс етілді.

Байқау қорытындысы бойынша буклет-альбом, DVD-диск дайындалып, балаларға табысталды. Шара барысында облыстық қазақ драма театрына жиналған жұртшылық Ұлы Жеңіске арналған мерекелік бағдарламаны да тамашалады.

Соңғы жаңалықтар