Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойы аясында Өнер университетінің халық аспаптары оркестрі өңірлерде концерт береді
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат - Мамырдың 2-сі күні Астана қаласындағы Өнер университетінің шағын ұжымы Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойы аясында өңірлерге шығармашылық сапармен аттанады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іссапар жоспарына сәйкес бірінші концерт Ақтөбе қаласының тұрғындары алдында қойылады. Одан кейін Қызылорда, Шымкент және Тараз қаласында кезекті концерттер өтетін болады. Өнер ұжымы мамырдың 8-і күні Астанаға оралады.
Бұл сапарда орта буын халық аспаптары оркестрі өнер көрсетеді. Оның құрамына аталған білім ордасының колледжінде оқитын оқушылар мен жоғары буында, яғни, бакалаврда, бірінші курста тәлім алып жатқан студенттер еніп отыр. Орта буын оркестріне сазгер, дирижер Нұрлан Бекенов жетекшілік жасайды.
Концерт дарынды күйші Нұрғиса Тілендиевтің «Жеңіс салтанаты» деген музыкалық туындысымен басталады. Бағдарламада Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал» әні бар.
- Негізінен Жеңіс күніне байланысты әндер шырқалып, күйлер тартылатын болады. Біраз патриоттық әндерді оркестрге лайықтап жасап шығардым. Айталық, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт күн тілегі» деген әнін жаңадан оркестрге түсірдім. Сондай-ақ менің «бояуыммен» Қапан Мусиннің «Алма бағында» әнін, соғыс жылдары шыққан әйгілі әскери «Көк орамал» («Синий платочек») әнін оркестр орындайтын болады,- дейді Өнер университетінің ұстазы, сазгер, домбырашы Нұрлан Бекенов.
Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің термесін Өнер университетінің ұстазы Тельман Нүркенов шырқайтын болады. Басқа да әншілер өнер көрсетеді.
Әр өңірге лайықталған күй шашуы бар. Осы сапарға орай Қазанғаптың «Ысырма» күйі оркестрге түсірілген. Сайдалы сары Тоқаның «Қосбасар» деген тың дүниесі оркестрде алғаш рет орындалайын деп тұр. Сыр бойының сазгері Мұрат Сыздықовтың «Батыр бала» атты керемет күйі де концерттің репертуарына енді. Басқа да күйлер орындалады. Соның ішінде Нұрлан Бекеновтің «Құлтуманың толғауы» атты күйі де көрермендер назарына ұсынылмақ.
Бұл қайырымдылық іс Әлем әртісі, Өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның бастамасы бойынша және оның қабылдаған шешіміне сәйкес жүзеге асқалы тұр. Осы іссапарға «Нұр Отан» партиясы қолдау білдірген, сондай-ақ концерт өтетін қалалар да ұйымдастыру шараларының ойдағыдай өтуіне атсалысып отыр.