Ұлы Жібек жолы елді мекендері ежелгі картасының көшірмесі елімізге берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Жапония жерінен табылған құнды жәдігер, «Моңғолдың жер-су картасы» деп аталатын ежелгі заман картасының таныстырылымы өтті. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қытайдан келген құжат» деген мақаласында жазады.
Негізінен, Ұлы Жібек жолының картасы сызылып, оның бойындағы қалалар мен елді мекендер енген ХV ғасыр құжаты бүгінде Гонконг банкінде сақтаулы тұр. Құны - 20 миллион доллар. Ал біздің елге оның көшірмесі беріліп отыр.
Жалпы, бұл картаның қытай ғалымдарының қолына түсуінің өзі қызық. Жәдігерді 1930 жылдары жапон азаматы Қытайдан арзанға сатып алған екен. Бірақ ол мұның тарихи маңызы бар жәдігер, бүкіл Жібек жолының картасы сызылған құнды құжат екенін білмеген. Содан мұны өз үйінде 70 жылға дейін сақтаған. Кейін бұл жәдігерге Жапонияға барған коллекция жинаушы қытай азаматы қызығып, қайта сатып алады. Сатушы да, сатып алушы да ол кезде бұл картаны ежелгі қытай табиғаты суреттелген көркемөнер туындысы деп ойлаған. Еліне келген соң әлгі азамат мұның қандай сурет екенін білмек болып, құжатты бейнелеу өнерін зерттеп жүрген маманға көрсетеді. Ол мұның көркемөнер туындысы емес, географиялық карта екенін айтып, ғалымдарға баруға кеңес береді. Осылайша Пекин университеті Археология және мұражайтану институтының профессоры Линь Мэйцуньмен кездеседі. Ол бұл картаны 10 жылдай зерттеп, оның ХV ғасырда билік еткен Цзя Цзин патшасының заманында, патшаның арнайы бұйрығымен сызылған карта екенін анықтайды. Бұл жәдігердің бес ғасырлық тарихы бар құнды құжат екендігі анықталған соң құны мен маңыздылығы да арта түседі. Қытайдың солтүстігінен басталып, Қызыл теңіздің бойындағы елдерге дейін «баратын» жол сілтеуші картаның ұзындығы - 30 метр, ені - 60 сантиметр. Бүгінде жәдігердің 4 қана көшірмесі бар. Оның төртеуі де ғалым Линь Мэйцуньге тиесілі. Картаны Жапониядан алып келген азамат профессордың 10 жыл бойғы еңбегін ескеріп, оған 4 дана көшірмесін жасап алуына рұқсат берген екен. Міне, сол көшірмесінің өзі баға жетпес асыл мұраға баланатын картаның бір данасын ғалым Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына сыйға тартты. «Көшірмелердің бір данасын Германияның Бонн университетіне тапсырдым. Ал екіншісін қазақ ғалымдарына тапсырғанды жөн санадым. Оның үстіне, мұндағы елді мекендер мен жер-су атауларының біразы түркі тілінде жазылған» дейді ғалым.
Жәдігерді қабылдап алған институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов: «Біздің институт Пекин университетімен, Шыңжаң қоғамдық ғылымдар институтымен, Гуанчжоу институтымен ғылыми байланыс орнатқан. Бұл елдің ғалымдарымен бірге ғылыми экспедицияға да шығып тұрамыз. Міне, бүгінгі тұсаукесер рәсімі сол ынтымағымыздың бір көрінісі. Линь мырзаның бізге тарту еткен бұл сыйлығы қай жағынан алсаң да өте құнды. Бұл карта арқылы біз сол замандардағы Қазақстанның географиясын ғана емес, тұрмыс-салты мен әлемдік қатынастары жайлы да біраз тың ақпарат ала аламыз» деді.
Осылайша ғылыми айналымға 2002 жылы енген бұл құжат қытай мен қазақ халқы үшін де үлкен олжа боп тұр. Бұл карта өз кезегінде ескіден келе жатқан тарихи көзқарасты жоққа шығарады. «Осы күнге дейін қытай тарихшылары «Қытай еліне карта сызу өнерін 1550 жылдарда Италиядан келген миссионер алып келді» деп келген. Ал мына карта одан әріректе сызылған. Яғни бұл құжат карта сызу ілімінің Қытай елінде ертеректе пайда болғандығын дәлелдейді» дейді Қытай ғалымы. Сондай-ақ картада жойылып кеткен жоңғар елінің ежелгі елді мекендері де белгіленуі мүмкін. Себебі Мин патшалығы тұсында Жоңғария олармен көршілес жатқан іргесі мықты елдердің бірі болған. Қытайдан келген ғалым қазіргі Шыңжаң жерінің 1755 жылдары қалмақтар жойылған соң барып, Қытай империясының құрамына қосылғанын айтты. Яғни картада бұл жерлер өзінің ескі атауымен аталуы мүмкін.
Бұл жәдігер біздің тарихымызға да тың жаңалықтар енгізбек. Онда қалалар мен елді мекендер көрсетіліп қана қоймай, сонымен бірге жанында түсініктеме де берілген екен. Германияның Бонн университетінде бұл картамен танысып, біраз зерттеу жүргізген профессор, тарих ғылымдарының докторы Нұрлан Кенжеахмет осы күнге дейін аты көп аталмаған Тұра қаласы жайлы қызық ақпарат айтты. Бұл қала шамамен Сауран мен Сайран қалаларының аралығында орналасқан екен. «Картада ежелгі Тұра қаласы белгіленген. Онда: «Тұра қаласында басына ақ қалпақ киген патша бар. Оның елі егін екпейді. Тек қана балық етін, жылқы етін жейді, қымыз ішеді. Бұл қаланың пішіні дөңгелек» деп түсініктеме берілген. Жалпы, тұра - көне қазақ тілінде қорғанды қала деген мағына береді. Бұл қала біз білетін Сығанақ қаласы болуы да мүмкін. Неге десеңіз, Сығанақтың жанында Түменарық дейтін арық бар. Ал Ресей жеріндегі Түменнің кезінде Тұра деп аталғаны белгілі. Демек, бұл қала Сығанақ болып шықса, онда билік еткен «ақ қалпақты патша» Қасым хан болып қалуы әбден мүмкін» дейді профессор. Бұл - әзірге болжам ғана. Алдағы уақытта бұл картаны ғалымдар толыққанды зерттеп, әлі талай тың жаңалық ашуы тиіс.
«Тарихи жәдігер әзірге біздің институтта тұрады. Сол аралықта оны біраз зерттеуге де мүмкіндік тумақ. Бізде оны зерттейтін қытай тілін жетік меңгерген мықты ғалымдар бар. Ал кейін бұл тарихи құжатты Астанадағы Ұлттық музейге табыс етсек дейміз. Себебі мұндай құнды дүниенің сол жерде сақталғаны дұрыс» дейді тарихшы Хангелді Әбжанов.