Ұлыбритания бен Ладенді ұстауға көмектеспек болған ауған командиріне 2 миллион доллар төлеген

Бұл туралы американдық арнаулы жасақтың командирі Дэлтон Фьюриге сілтеме жасап британдық ВВС телекомпаниясы хабарлады.
Дэлтон Фьюридің айтуынша, американдықтар да, британдықтар да Тора-Бора тауларында жасырынып жүрген бен Ладенді ұстауға көмектеседі деген оймен ауғандық дала командирлеріне үлкен сома ақша төлеп отырған. Бірақ, бен Ладен әлі күнге шейін қолға түспей отыр.
Бірқатар сарапшылардың пайымдауынша, дала командирлеріне «Әл-Кайеда» да ақша төлеген, сондықтан да олар АҚШ пен Ұлыбритания өкілдерінен сыйлық алып қойғандарына қарамастан, лаңкеске еш кедергісіз қашып кетуге мүмкіндік берген.
«Оның жасақтарын «жалдау» үшін генерал Хәзірет Әлиге 4 миллион доллар төленген. Ал Британ Корольдігі қолдаған Қажы Заман Гамсурек 2 миллион доллар сыйақы алған», деп хабарлады американдық командир.
Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігіндегілер барлау қызметінің әрекетіне қатысты мәлімдемелер мен ақпараттарға әдетте түсінік бермейтіндерін алға тартып, бұл мәліметке қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартып отыр.