Ұлыстарды ұйыстыратын ұлы мереке - Наурыз!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың ұлы даласында сан ғасырлар бойы тойланып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлық мереке - Наурыз! Күн мен түннің теңелетін осынау ерекше күнін қазақ - жаңару мен жасарудың нышаны, дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы деп құрметтеп, береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы ретінде дәріптеген. Наурыз - табиғат атаулының тiрiлiп, өмiрге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы. Сонымен қоса, ерте кезден-ақ бұл мейрам елдiң бiрлiгiн сақтап, туған-туысқанның басын қосып бауырластыққа, татулыққа шақыратын ерекше сипатқа ие болып табылады.

Ұлыстарды ұйыстыратын ұлы мереке - Наурыз!

Әр қазақтың асыға күтетін мейрамы Наурыз - табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын бойына жиған ерекше мереке. Осыны терең ұғына білген бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Айнала көгеруге қамданып, дүние жаңарып, құлпыра құбылып, жер жаһанға шаттық пен қуаныш сыйлайтын, ізгіліктің нұры төгілетін мейрам осы.

Түптеп келгенде, дін мен тілге, ұлт пен ұлысқа бөлмейтін, барша қауымды татулыққа тартып, ұлыстарды ұйысуға шақыратын Наурыз мейрамының және бір ерекшелігі - бұл күні жақсы тілек тілеу, араз ағайынмен жарасу, табысу секілді адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, осының өзі адам баласын жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Араз ағайынның былтырдан қалған ренішін ұмыттыратын кез де осы - Наурыз. Бұл жайында Қазақ халқы мен Орта Азия халықтарында Наурызға қатысты «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деген сөз де қалған. Мұның осылайша «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп аталуын бірқатар этнографтар Самарқан қаласындағы белгілі ғалым Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелері белгіленген үлкен көк тасқа дәл осы Ұлыстың Ұлы күні күн сәулесі тікелей түсетінін, соның салдарынан әлгі көк тас жібитінін айтады. Бұл солай да болуы бек мүмкін. Дегенмен, ағайындар арасында араздықты жарастыру барысында осы мәселе алға тартылып «Самарқанның көк тасын жібіткен Наурызда сен неге жібімей отырсың» деп ренішін ұмыта алмағандарға қаратып айтады. Сосын сол ренішті жаңа жылда мүлдем еске алмауға тырысады. Бұл да жұртты жарастырудың бір жолы.

Түйіндей айтқанда, Наурыз - ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағына да айналып отыр. Сонымен бірге, Наурыз - достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болуы, ұлыстардың ұйытқысымен шын пейілдегі жалпыхалықтың мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен Ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымын да мазмұнын да кеңейте түскен орынды.

Айта кетерлігі, дәл осы мәселе соңғы жылдары қоғам арасында кеңінен талқыланып келе жатқаны белгілі. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайында: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда, бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, ренжісіп қалған жастар қайтадан табысып, махаббаттарын арттырып, бас қосатын, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де түбінде өз мерекемізге келуіміз керек» деген болатын.

Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурызды заман талабына сай жаңа пішімде тойлау туралы өз тұжырымдамасын баспасөзде жария етті. Министр Наурыз мейрамында басты назар балаларға, бүлдіршіндерге аударылуы керектігін айтады. «Жаңа жылда Аяз Атаның, Рождествода Санта-Клаустың сәбилерге сыйлық беруі, отбасы мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Наурызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағанымыз жөн. Демек, Наурызды тойлау арқылы біз бар жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек», - дейді ол. Сосын А. Мұхамедиұлы жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақты Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет деп санайды.

«Күн мен түннің теңелуі - астрономиялық көктемнің тууы. Астрономдардың тілімен айтар болсақ, бұл кезде Күннің орталығы өз қозғалысы барысында Жер экваторын кесіп өтеді. Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы - күн мен түннің (21-нен 22-не қараған түні) теңелу сәті. Түн ортасы ауғанда жаппай Жаңа Күнді қарсы алу дәстүрін түлеткеніміз абзал», - дейді министр.

Ал белгілі философ Ғарифолла Есім Наурыз мейрамын адамдар теңдігінің табиғи негізі ретінде қарайды. Оның айтуынша, Наурыз мейрамы - адам теңдігінің ғарыштық үндестігі. Ал адамның табиғатпен үндестігі, оның әлеуметтік жағдайының ғарышпен үндестігі - аса биік ұғым. Бұл ретте Ғ. Есім Наурыз мейрамына жаңаша көзқарас бойынша бірнеше мәселелерге назар аудартады. «Біріншіден, Наурыз - Жыл басы. Осы ұғым өз мағынасында қалыптасуы керек. Наурыз Жаңа жыл емес, оны Жыл басы деп қабылдау - табиғатты мойындау. Наурыз айы туғанда Күннің нұрымен Айдың сәулесімен, Жердің қызуымен тіршілік ғұмыры басталады. Табиғат оянады, өсіп-өну өріс алады. Сезімдердің сыр шертуіне мүмкіндік туады. Ертеде Наурыз айында бозбалалар көңілі қалаған бойжеткендерге айна, тарақ, иіссу сыйласа, олар кестелі орамал сыйлаған», - дейді Ғ. Есім.

Бұдан бөлек, ол Наурызда Жыл басының жаңа атрибуттарын қалыптастыру қажеттігін алға тартып, мерекені тойлауды наурыздың он төртінен бастаған абзал деп санайды. Дәл осы күннен бастап «көрісу» дәстүрі еліміздің батыс өңірінде аталып өте бастайды. Әуел бастан қалыптасқан «көрісу» күнін елдік дәстүрге айналдырудың маңызды іс екенін алға тартады.

«Бұдан бөлек, Наурыз мейрамы күндерінде әрбір адам өзінің қолынан келетін қайырымдылық іс-шараларын жасауы керек. Бұл - жан жомарттығы, бұл - тәрбие, Жаңа жылға деген құрмет, адамдар арасындағы қарым-қатынастардың ізгілік жолындағы көріністері болмақ. Наурыз мейрамын Қазақ елінің имиджі ретінде, өркениетті елдің мейрамы ретінде өткізу мақсатында жыл сайын «Наурыз - Жыл басы» деген мейрамды өткізудің жаңаша, мағыналық, мазмұндық жағын кемелдендіру, патриоттық тәрбие беру мақсатында бәйге жариялап, үнемі жетілдіріп отырудың қажеттілігі бар», - дейді экс-сенатор Ғарифолла Есім.

Шындығында, соңғы жылдары Наурыз тойлаудың төңірегінде талқыланып жатқан тұжырымдамаға қатысты еліміздің көрнекті қоғам қайтаткерлері қатысып, пікірлерін ортаға салуда. Ендеше алдағы уақыттарда Наурызға, Ұлысымыздың ұлы күнін тойлауға қатысты жинақталған жаңаша көзқарастар бір жүйеге түседі деген сенім бар.