Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мүгедек кәсіпкерге компьютерлік техника сыйға тартылды

ОРАЛ. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ІІІ топтағы мүгедек кәсіпкер Қуандық Орынбаев компьтерлік техникаға ие болды.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мүгедек кәсіпкерге компьютерлік техника сыйға тартылды

Мүмкіндігінің шектеулігіне қарамай Қуандық Төлеуішұлы облыс орталығынан интернет клуб ашқан болатын. Ісін жүргізу үшін қажет құрал-жабдық алуға жағдайының жоқ болуы себепті ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның БҚО бойынша аймақтық филиалына жәрдем сұрап өтініш жазған. Ал аталмыш ұйым кәсіпкерлікпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында демеуші тапқан. Алматы қаласындағы «Олжа» АҚ-ның басшылығы оралдық жас кәсіпкердің мұңын естіп, көмек қолын созған. Сөйтіп Қуандық Орынбаев екі жиынтық компьютерге, екі веб-камераға, сканерге, сандық фотоаппаратқа ие болды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның БҚО бойынша аймақтық филиалының бас менеджері Айгүл Имашеваның айтуынша, жыл басында дәл осындай көмек мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер әйелдерге де көрсетіліпті.