Ұлытау өлкесіндегі тарихи ескерткіштер мен петроглифтер вандалдардың қолынан жойылып жатыр - ВИДЕО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың алтын бесігі - Ұлытау өлкесіндегі тарихи ескерткіштер вандалдардың қолынан жапа шегуде. Бұл туралы бүгін Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының (ҚҰГҚ) Ұлытау экспедициясының жетекшісі Сәулет Сәкенов мәлім етті.
«Ұлытаудың Тамды петроглифтерінің үстінен адамдар өз аттарын жазып, сызып, мың жылдарға созылатын тасқа қашалған тарихымызды бүлдіріп тастаған. 1950-1960 жылдары тіркелген кейбір ескерткіштер тіпті жойылып кеткен. Тарихшылар ол өлкені зерттеуге алса екен дейміз. Петроглифтерге ғылыми тұрғыда анықтама берілген емес. Ол белгілердің мағынасын, сол өлкедегі тау-қыраттардың, жазықтықтардың атаулары да ұмыт болып бара жатыр», - деп хабарлады ол баспасөз мәслихатында.
Ұлытау экспедициясы 2014 жылғы 11 тамыз бен 23 тамыз аралығында өткен болатын. Мақсат - Ұлытаудың мәдени-тарихи және рухани мұрасын жаңғырту, дамыту, көпшілікке тарату және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізу.
Экспедицияға қазбашы-тарихшылар, географтар, биологтар, ботаниктер, туризм саласындағы сарапшылар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшатын аппараттардың операторлары қатысты. Олар осы төңіректі карталандыру, қазба нысандарын іздеу және қазбаларды әуеден түсіру жұмыстарын орындады.
Қазіргі таңда ҚҰГҚ-да экспедицияның алдын ала қорытындысы шығарылды: жергілікті елді мекендердің экономикалық және географиялық ерекшеліктері туралы ақпарат жинақталды, Ұлытау ауданының тарихи нысандарының тізімі құрастырылды және толықтырылды, туризмнің негізгі нысандары көрсетілген туристтік карта жасалды, аймақтағы экотуризмді дамыту және қонақ үйлерінің желілерін жасау бойынша әкімдікпен уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазір Ұлытау экспедициясы туралы деректі фильм дайындалып жатыр.
«Біз Ұлытаудың туристік бағыттарын жасақтадық. Ондағы тарихи орындар мен ескерткіштер тарихи-мәдени маңызға ие. Жошы мен Алаша хандардың зираттары сонда орналасқан. Домбауыл шешеннің жатқан жері сонда. Ол жерлерді біз картада белгілеп қойдық, көлікпен бару үшін GPS тректер салдық. Қазақ мемлекетінің 550 жылдығы қарсаңында бұл өте керек дүниелер», - дейді ол.
Ғалымның айтуынша, Ұлытаудың қазақ халқы үшін тарихи, мәдени маңызын бағалау мүмкін емес.
«Қазақ мемлекетінің 550 жылдығын тойлау осы жерден басталуы керек. Себебі қазақ этносының шоғырланған орталығы осында болды, хандарымыз Ақ киізге отырғызылған жер, қазақ тілінің байыған тұсы да осы Ұлытау. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтар шегінуге мәжбүр болып, Ұлытау өлкесін паналады. Кейін қалың күш жинап, бостандық үшін күресті. Жоңғарларды ойсыратқан екі ірі соғыс осы Ұлытауда болыпты. Ұлытаудың арқасында Қазақ мемлекеті жойылған жоқ», - деп түйді ойын С.Сәкенов.