Еркек тоқтыларды әкетуге сандық шектеу енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 5 қарашадан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне бұқашықтар мен тоқтыларды экспорттау квотасын бөлу қағидалары күшіне енеді. Бұл норма алты ай мерзімінде әрекет етеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, 4 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетудің сандық лимиті – 120 мың. Оның ішінде бордақылау алаңдары үшін – 60 мың, тауар өндірушілер үшін – 60 мың.
Қазақстан аумағынан 4 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған лимит біржолғы және жиынтық мөлшерде бордақылау алаңы қуатының 30 пайызынан аспайды, ал бір тауар өндірушіге – квотаның қолданысының бүкіл кезеңіне 500-ден аспайды.
Қуаттылығы 5000 және одан да көп бордақылау алаңдары үшін 4 айдан еркек тоқтыларды әкетуге арналған лимит квота қолданысының бүкіл кезеңіне 1500-ден аспауға тиіс.
Бұл ретте, квота бөлу сәтінде бордақылау алаңындағы немесе тауар өндірушідегі малдың нақты саны карантиндеуге өтінім берген кезде тіркелген квотаның сұратылған көлемінен екі есе көп болуға тиіс.
Әкетуге жоспарланған жануарлар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда өтініш берушінің – бордақылау алаңының немесе тауар өндірушінің атына карантинге қоюға дейінгі 3 айдан ерте емес мерзімде тіркелуге тиіс.
Квота эпизоотиялық зерттеп-қарау актісінің қолданылу мерзімі ішінде жарамды және жануарларды әкету осы мерзім шегінде жүзеге асырылады.
Квоталар «Е-лицензиялау» порталында бөлінеді және «Сандық шектеулер (квоталар) енгізілген кезде тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына лицензия беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес жекелеген тауар түрлерін экспорттауға лицензия алу кезінде автоматты түрде беріледі.
Айта кету керек, лицензия иелері лицензияның қолданылу мерзімі өткеннен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде уәкілетті органға Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 125 шешімімен бекітілген Үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларына № 3 қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензияның орындалуы туралы анықтаманы ұсынады.
Толығырақ бұйрықпен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
«Сандық шектеулер (квоталар) енгізілген кезде жекелеген тауар түрлерін экспорттауға және (немесе) импорттауға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларымен толығырақ мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Ірі қара мал бұқашықтарын шығаруға уақытша тыйым салынғанын жазған болатынбыз.