Үміттің Балқаштағы жаңа өмірі: жолбарыс табиғатқа қалай бейімделіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Балқаш өңіріндегі Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына жіберілген Үміт атты жолбарыс жаңа мекеніне біртіндеп бейімделіп келеді. Соңғы он күнде жыртқыш қасқыр мен қабан аулаған. Бұл туралы ibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында Аңшылық шаруашылығы және жануарлар дүниесі басқармасының басшысы Әнуарбек Бермағамбетов айтты.

Үміт
Фото: Kazinform/ЖИ

— 70 жылдан астам уақыттан кейін жолбарыс қайтадан Қазақстанға жерсіндіру мақсатында оралды. 31 шілдеде ол резерват аумағына жіберілді. Алғашқы қорегі қасқыр болды. Бірнеше күннен кейін қабан аулаған. Соңғы он күндегі аң аулауына қарап, жолбарыстың жаңа ортаға бейімделіп келе жатқанын айтуға болады. Денсаулығы да жақсы, — деді Әнуарбек Бермағамбетов.

Оның айтуынша, Үміттің қозғалысы арнайы GPS-трекер арқылы тәулік бойы бақылауда. Құрылғыдан жолбарыстың қай жерде жүргені және қай бағытқа қозғалғаны туралы ақпарат әр 12 сағат сайын түседі.

Ал оның нақты қандай аңды аулағанын GPS арқылы анықтау мүмкін емес. Бұл мәліметті мамандар резерват аумағына барып, мониторинг барысында жинайды.

Маман әлеуметтік желіде Үмітке қатысты жалған ақпараттар мен видеолардың тарағанын да атап өтті. Бұған дейін Нидерландыдан әкелінген Богдан және Пума атты жолбарыстардың бұрыңғы видеоларын Үміт деп тараған.

 Әнуарбек Бермағамбетов
Видеодан алынғңан кадр

— Қазір жасанды интеллект дамыған заманда жалған видеолар көп тарап жатыр. Нидерландыдан әкелінген Богдан мен Пума жолбарыстарының видеолары да Үміт деп көрсетілген. Бұл дұрыс емес. Олар зообақтан алынған жолбарыстар, — деді ол.

Резерватта қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

Іле-Балқаш резерватының аумағы 450 мың гектардан асады. Мұнда бөгде адамдардың кіруіне рұқсат жоқ. Заңсыз кіргендер әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Қазір Үміт мекендейтін аумақ үш аймаққа бөлінген: жасыл, сары және қызыл. Жолбарыстың негізгі мекені мен аң аулайтын аумағы әзірге жасыл аймақта орналасқан. Бұл аймақ жақын елді мекендерге қауіп төндірмейді.
Егер жыртқыш сары аймаққа жақындаса, арнайы құрылған қақтығысты басқару тобы жұмысқа кіріседі. Мамандар қажетті көлік және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген.

— Үш автокөлік, қарда жүретін техника, квадроцикл, түнде көруге арналған құралдар, спутниктік телефон және Starlink бар. Егер жолбарыс қызыл аймаққа өтсе, дабыл беріледі. Жақын елді мекендердегі халыққа мобильді ақпарат арқылы хабарланады, — деді Әнуарбек Бермағамбетов.

Қауіп төнген жағдайда мамандар алдымен жолбарысты үркітіп, жасыл аймаққа қайтаруға тырысады. Ол үшін арнайы дыбыстық құралдар мен пиротехникалық құралдар қолданылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда жыртқышты уақытша ұйықтату шарасы да қарастырылған.

Жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жұмысы қашан басталды?

Басқарма басшысының айтуынша, жолбарысты Қазақстан аумағына қайта жерсіндіру жобасы бойынша жұмыстар 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде резерват құрылып, оның аумағындағы жабайы жануарлар саны арттырылып, қажетті инфрақұрылым жасақталған.

Жоба аясында бұған дейін Нидерландыдан екі жолбарыс, Богдан мен Пума әкелінген. Кейін Ресей Федерациясынан тағы төрт жолбарыс Қазақстанға берілді.

Үміт те сол төрт жолбарыстың қатарында. Жыртқыш Қазақстанға екі ел арасындағы келісім аясында тегін жеткізілген.
Мамандар Үміт келгенге дейін резерваттағы қоректік базаны да зерттеген. Қазір мұнда құлан, қабан, елік және Бұқар бұғысы сияқты жабайы аңдар мекендейді.

Басқарма басшысы жолбарыстың алғашқы күндері табиғи ортада аң аулап, қоректенуі оның жаңа мекеніне бейімделіп келе жатқанын көрсететінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін, Экология және табиғи ресурстар министрлігі желіде тараған «жолбарыс» фотосы шындыққа сәйкес келмейтінін ескерткен еді.