Үнді әйелі сериал үшін күйеуімен ажырасты
АСТАНА. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат - Үндістанның Пуна қаласының бір тұрғын әйелі күйеуінің сериалдар көруге рұқсат етпегенін алға тартып,
онымен ажырасып отыр, деп хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі үнділік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап.
Жергілікті газеттердің жазуынша, күйеуінің сериалдарды көруге салған тыйымы күн сайын ұрыс-керіске ушығатын болған. Нәтижесінде отбасындағы жағдайдың қиындағаны соншалық, әйел ажырасуға өтініш беруге шешім қабылдаған.
Мелодрамаға, романтикалық музыка мен сезімділікке толы телесериалдар Үндістанда, әсіресе қыз-келіншектердің арасында айрықша танымал. Оларға салсаң, күнұзақ жалғаса беретін бірсарынды фильмдерді «жәшіктің» алдынан кетпей, көруге бар, дейді ер азаматтар.