Үндістанда жоғары бағаларға қарсы жаппай ереуіл өтті

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат - Үнді штаттарының тең жартысында сейсенбі күні ереуілдер болды.

Үндістанда    жоғары бағаларға  қарсы   жаппай ереуіл   өтті

Азық-түліктер мен отынның жоғары бағаларына жаппай наразылық білдіру акциясы оппозиция мен елдің жетекші кәсіподақтарының қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Қала көшелеріне шыққан жүздеген жұмысшылар инфляцияға қарсы күрес шараларының тиімсіздігі үшін үкіметті айыптады. Наурыз айында инфляция 9,9 пайызға - соңғы 1,5 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Осының салдарынан соңғы бір жылдың ішінде Үндістанда бірінші кезектегі қажетті тауарлардың бағасы 20 пайызға, бензин бағасы 13 пайызға қымбаттап отыр.

Ереуіл салдарынан республиканың 13 штатында ондаған әуе рейстері, теміржол көліктерінің қозғалысы тоқтатылды, бірқатар мемлекеттік мекемелер жабылды. Бихар, Орисс, Уттар-Прадеш, Керале қалаларында ереуілшілер тас жолдардағы қозғалыстарды тоқтатып, көлік кептелістеріне себеп болды. Штаттардың бірінде үш автобус өртеп жіберілді. Полиция 400-ге жуық адамды қамауға алды.