Үндістандық профессор Қазақстанның латын әліпбиіне көшуіне қатысты пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Джавахарлал Неру Университетінен шақыртылған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, профессор Пунит Гаур Қазақстанның латын әліпбиіне көшу талпынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның ойынша, бұл реформа тек жағымды нәтижелерге алып келеді.
«Латын қарпіне көшу - тек оң қадам болмақ. Себебі латын әліпбиі көптеген тілдерге жақын. Әлемдік жаһандану және процестердің ықпалдасуы жүріп жатқан заманда, тілдік тұтастық халықаралық серіктестіктің дамуына септігін тигізеді», - деді профессор.
Гаурдың пікірі бойынша, Қазақстан халқы қазақ тілінде де, орыс тілінде де еркін сөйлей алуы жағымды жағдай. Ол бұдан хинди және ағылшын тілдерінде сөйлейтін Үндістан халқымен ұқсастықты байқап отыр.
«Үндістанда көбісі ағылшын тілінде тілдеседі, Қазақстанда басым көпшілік орыс тілінде сөйлейді. Әлемде орын алып жатқан халықаралық қарым-қатынастар, жаһандану аясында бұл ұлттық біртектілікке қауіп ретінде қабылданбауы қажет, бұл жағымды аспект. Ол кедергі болмауы шарт, керісінше, жаңа мүмкіндіктер ретінде қарастырылуы керек деп санаймын», - дейді ол.
Қазақстанда бір жылдан астам уақыт бойы оқытушы болып қызмет атқарып жүрген үндістандық профессор Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына тәнті екенін жеткізді.
«Мен Қазақстанды, оның ішінде мемлекет саясатын зерттеген адаммын. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты ұлттық біртектілікті жаңғыртуға бағытталғандығын көріп отырмын. Назарбаевтың барлық бастамалары, оның ішінде «Қазақстан-2050» стратегиясы мен басқа да бағдарламалық құжаттар Қазақстан қоғамының бірлігін, әсіресе, рухани бірлігін қадам-қадаммен нығайтып келеді», - дейді П. Гаур.
Профессордың сөзінше, Қазақстан мен Үндістан өз тәуелсіздіктерін алғанда бірдей проблемалармен бетпе-бет келді.
«Біздің мемлекеттерге ұлттық біртектілікті сақтап қалу үшін үлкен күш-қуат салу керек болды. Осы тұста Мемлекет басшысының ұлттық біртектілікті сақтауға қатысты барлық идеяларын бар жүрегімен қабыл алған Қазақстан халқының ыждаһаттылығын да айта кеткен жөн. Осындай ортақ ұқсастықтарға ие Қазақстан мен Үндістан екі елге әріптестікті дамытып, осы саладағы бір-бірінің тәжірибелерінен сусындаулары қажет», - деп түйді ойын профессор.