Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үндістан алғаш рет жеке компания әзірлеген Vikram-1 зымыранын ұшырды

АСТАНА. KAZINFORM – Үндістанның Skyroot Aerospace жеке компаниясы алғаш рет Vikram-1 зымыран-тасығышын ғарышқа ұшырды. Ұшырылым 18 шілдеде Шрихарикота аралындағы Сатиш Дхаван атындағы ғарыш айлағынан жүзеге асырылды, деп хабарлайды DW.

Индия впервые запустила частную ракету Vikram-1
Фото: Special Arrangement

Биіктігі шамамен 22 метр болатын зымыран төмен Жер орбитасына 350 келіге дейінгі пайдалы жүкті шығаруға арналған.

Компанияның мәліметінше, Vikram-1 орбитаға үндістандық және шетелдік тапсырыс берушілердің бірнеше тәжірибелік жүгін жеткізеді. Олардың қатарында зертханада өсірілген алмас пен ғарыш қоқысын жоюға арналған роботтандырылған манипуляторлар бар.

– Миссияның басты мақсаты – зымыранның қозғалтқыш жүйесін, авионикасын, телеметриясын және ұшу кезіндегі бағыттау жүйелерін сынақтан өткізу, сондай-ақ болашақ коммерциялық ұшырулар үшін маңызды деректерді жинау, – деп мәлімдеді Skyroot Aerospace.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди бұл оқиғаны «елдің ғарышты игеру жолындағы маңызды кезең» деп атады.

DW мәліметінше, Үндістан 2020 жылы ғарыш саласын жеке инвестициялар үшін ашып, стартаптарға зымырандар мен спутниктер әзірлеуге, сондай-ақ ғарыш аппараттарын ұшыруға мүмкіндік берген. Бұған дейін бұл жұмыстарды тек Үндістанның ғарыштық зерттеулер ұйымы (ISRO) жүзеге асыратын.

2022 жылы Skyroot Aerospace компаниясының ықшам Vikram-S зымыраны алғашқы суборбиталық ұшуын сәтті орындаған болатын. Ал 2023 жылдың тамызында Үндістан «Чандраян-3» автоматты станциясын Айдың оңтүстік полюсі маңына сәтті қондырып, мұндай жетістікке жеткен әлемдегі санаулы елдердің қатарына қосылды.

Үкіметтің IN-SPACe агенттігінің дерегінше, Үндістан 2033 жылға қарай жаһандық ғарыш экономикасындағы үлесін қазіргі 2 пайыздан бес есеге арттырып, саланың көлемін 44 миллиард АҚШ долларына жеткізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, адамзат тарихындағы ең үлкен зымыран Starship сынақ ұшырылымын өткізді.