Үндістан мен Қытай арасындағы әуе рейстері бес жыл үзілістен кейін қайта жанданды
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістан жексенбі кешінде материктік Қытаймен тікелей әуе рейстерін қайта бастады. Бұл рейстер шамамен бес жыл бұрын тоқтатылған болатын, деп хабарлайды Синьхуа.
IndiGo әуе компаниясының алғашқы ұшағы бортында 176 жолаушымен бірге Калькуттадағы Нетаджи Субхас Чандра Бос атындағы халықаралық әуежайдан ұшып шығып, Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанчжоу қаласына қонды.
IndiGo компаниясының бас атқарушы директоры Питер Элберстің айтуынша, тікелей әуе қатынасының қайта жандануы екі ел арасындағы сапарларды жеңілдетіп, сауда айналымын арттырып, экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Үндістан мен материктік Қытай арасындағы тікелей әуе рейстері 2020 жылдың басына дейін орындалып келген, бірақ кейін COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатылған.
Еске сала кетсек, 9 қазанда Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякун екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасты қайта жандандыруға дайындық жүріп жатқанын хабарлаған болатын.
Айта кетелік 15 қазан күні ІІ Astana Think Tank Forum-2025 халықаралық форумының панельдік сессиясында сөз сөйлеген Үндістандағы Ғаламдық зерттеулер институтының президенті Ашок Саджанхар Үндістан мен Қытай шекарасындағы тұрақтылық жаһандық экономикаға әсер ететін маңызға ие екенін атап өтті.