Үндістан мен Швеция Венера ғаламшарына бірлескен миссия әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Швеция мен Үндістан Венера ғаламшарына бірлескен ғарыш миссиясын дайындап жатыр. Бұл жоба ғалымдарға Күн жүйесіндегі ең үлкен құпиялардың бірін — бір кездері Жерге ұқсас болған Венераның қалай тіршіліксіз планетаға айналғанын түсінуге көмектесуі мүмкін, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
ISRO 2028 жылы Venus Orbiter Mission атты пилотсыз миссияны ұшыруды жоспарлап отыр. Жобаға Кируна қаласындағы IRF зерттеушілері де қатысып жатыр. Зонд бортына швед ғалымдары әзірлеген Venusian Neutrals Analyzer ғылыми құрылғысы орнатылады.
Ғалымдардың пікірінше, миллиардтаған жыл бұрын Венера бетінде Жердегідей мұхиттар болуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе планета барлық суынан айырылып, атмосферасы Жер атмосферасынан шамамен 100 есе тығыз болып кеткен. Жаңа құрылғы Венера атмосферасының ғарыш кеңістігімен және Күн желімен өзара әрекетін зерттейді. Зерттеушілер бұл екі планетаның неге мүлде бөлек бағытта дамығанын түсінуге мүмкіндік береді деп үміттенеді.
Ғарыш физикасы институтының профессоры Стас Барабаш айтуынша, Венерада судың жойылып кетуінің себептерінің бірі — планетада Жерді күн радиациясынан қорғайтын жеке магнит өрісінің болмауы.
Швед ғалымдары үшін бұл Венераға бағытталған алғашқы миссия емес. Бұған дейін IRF Еуропа ғарыш агенттігі жүзеге асырған Venus Express жобасына қатысқан. Бұл аппарат 2006–2014 жылдары Венера орбитасында жұмыс істеді. Сол миссиядан алынған деректер әлі күнге дейін ғылыми зерттеулерде қолданылып келеді.
Бұған дейін РҒА Медико-биологиялық мәселелер институтының (ИМБП) «Ғарыштық биология» ғылыми бағытының жетекшісі Владимир Сычев Венерадағы жағдайлар адам өмірі үшін соншалықты қолайсыз, сондықтан адамзаттың ол жаққа пилоттық миссия жіберуі екіталай деген болатын.