Үндістан Пәкістандағы шабуыл лаңкестік әрекеттердің алдын алу ниетімен жасалғанын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Үндістан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Викрам Мисри хабарлағандай, Үндістан Пәкістаннан жоспарланған жаңа лаңкестік әрекеттері туралы ақпаратқа ие болды және «Синдур» операциясын жүргізу арқылы олардың алдын алу құқығын пайдаланды, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

Үндістан СІМ сондай-ақ Пәкістанның өз аумағындағы лаңкестік инфрақұрылыммен күресу үшін ешқандай шара қолданбағанын және содырлардың жұмағына айналғанын мәлімдеді. Үндістанның Пәкістаннан жоспарланып отырған жаңа лаңкестік әрекеттер туралы барлау деректері де болған.
Мисридің мәлімдеуінше, Үндістан 22 сәуірде Пахалгамдағы лаңкестік әрекетті орындаушылар мен ұйымдастырушылардың жауапқа тартылуын қажет деп санайды.
— Лаңкестік әрекеттен бері екі апта өткеніне қарамастан, Пәкістан өз аумағында немесе бақылауындағы аумақта лаңкестік инфрақұрылыммен күресу үшін ешқандай айқын қадамдар жасаған жоқ. Керісінше, олардың бар жасағаны — жоққа шығару және кінәлау, — деді ол.
Үнділік дипломаттың айтуынша, «Пәкістан халықаралық іздеуде жүрген лаңкестер жазасыз жүргенін пайдаланып отырған, әлемнің түкпір-түкпірінен келген лаңкестердің баспанасы ретінде лайықты беделге ие».
Еске сала кетсек, Үндістан Кашмирдегі Пәкістан бақылауындағы аймақтарға соққы жасағанын мәлімдеді.
Пәкістанның Үндістандағы нысандарға кері соққысынан екі адам опат болды.