Үндістан тұрғынынан бұрын-соңды кездеспеген жаңа қан тобы табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ерекше қан тобы Үндістан тұрғынынан табылды. Бұл топ ғылыми түрде «CRIB» деп аталады, деп жазды АЗӘРТАДЖ.

АЗӘРТАДЖ шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап хабарлағандай, Үндістанның оңтүстігіндегі 38 жастағы әйел 2025 жылдың ақпанында Колар қаласындағы ауруханаға жүрекке ота жасату үшін түскен. Хирургтар ота кезінде құюға арналған қан дайындауды сұраған, алайда қан қорындағы ешбір үлгі сәйкес келмеген.
Әйелдің қаны иммуногематология зертханасына жіберілді. Зерттеулер оның барлық сынақтарда қолданылған қан үлгілерімен сәйкес келмейтінін көрсетті. Дәрігерлер әйелдің 20 туысының, соның ішінде балаларының да қанын зерттеді, бірақ сәйкестік табылмады.
Ота сәтті өтті, және қан құю қажет болмады. Дегенмен, мамандар оның қанын зерттеуді жалғастырып, бұрын еш жерде сипатталмаған антиген тасымалдаушы екенін анықтады. Бұл антиген Cromer қан тобы жүйесіне жатады, оның антигендері 1-ші хромосомада орналасқан. The Hindu басылымының хабарлауынша, бұл антиген алғаш рет осы әйелден табылып отыр.
Бұған дейін де ерекше қан тобы Кариб теңізіндегі Гваделупа аралының тұрғынынан табылған болатын. Ол жаңа қан тобына «Гвада теріс» деген атау берілді. Әйел бұл қанды мутантты антигендері бар ата-анасынан тұқым қуалай алған.
Айта кетейік, Қазақстанда донорларға төленетін ақшаны 5 есе көтеру ұсынылған болатын.