Үндістан жағалауында кеме апатқа ұшырап, 22 адам жоғалып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның шығыс жағалауында жүк кемесі суға батқаннан кейін жоғалып кеткен 22 теңізшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ocean Winner кемесінің бортында 24 экипаж мүшесі болған. Олардың екеуі — Қытай азаматтары құтқарылды, деп хабарлайды Reuters.

Үндістан жағалауында кеме апатқа ұшырап, 22 адам жоғалып кетті
Фото: Shutterstock/Ninevija

Панама туындағы кеме Үндістанның Парадип портынан 240 теңіз милі қашықта суға батқан. Құтқарылған теңізшілердің айтуынша, Ocean Winner қатты қисайып, шамамен 8 минуттың ішінде су астына кеткен.

Үндістанның жағалау күзеті мен әскери-теңіз күштері оқиға орнына іздеу-құтқару жұмыстарына бірнеше кеме жіберді. Іздеу жұмыстарына басқа да мемлекеттік қызметтер тартылды.

Хабар-ошарсыз кеткендердің арасында 18 Қытай азаматы, үш Мьянма азаматы және бір Бангладеш азаматы бар. Кемеде болған Қытайдың екі теңізшісі құтқарылды.

Алдын ала мәлімет бойынша Ocean Winner Қытайға темір алып бара жатқан. Кеме жұма күні Үндістанның Парадип портынан шығып, ашық теңізде суға батқан.

Апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Үндістанның Теңіз әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, алғашқы 12 сағаттан кейін тірі қалғандарды табу мүмкіндігі әдетте төмендейді. Соған қарамастан іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Зимбабведегі жасанды Кариба көлінде кеме аударылып, 92 адам қаза тапты.