Үндістанда әскери ұшақ апатқа ұшырап, бес адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістан Әуе күштеріне тиесілі Ан-32 әскери-көлік ұшағы Джорхат қаласындағы әуе базасына жақын жерде қону кезінде апатқа ұшырады. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.
Үндістанның Ассам штатындағы Джорхат ауданы маңында болған апат салдарынан бес әскери қызметкер қаза тапты.
NDTV телеарнасының хабарлауынша, Ан-32 ұшағы Үндістан Әуе күштерінің Джорхаттағы авиабазасына қону сәтінде құлаған.
Апаттан кейін әуе кемесі өртеніп кеткен.
Оқиға орнына шұғыл қызметтер жетіп, өртті сөндіру жұмыстарын жүргізуде.
Үндістан Әуе күштері X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында ұшақ бортында болған бес әскери қызметкердің қаза тапқанын растады.
Сондай-ақ хабарламада қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтылып, жақындарына қолдау сөздері білдірілген.
Бұған дейін Ұлыбританияда оқу-жаттығу ұшуы кезінде Корольдік теңіз флотының әскери тікұшағы құлап, экипаждың үш мүшесі қаза тапқаны хабарланған болатын.