Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үндістанда химиотерапияны алмастыруы мүмкін қатерлі ісікке қарсы препарат әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM — Үнді ғалымдары қатерлі ісік жасушаларының ішінде ғана белсенді болатын жаңа препарат әзірледі. Ол химиотерапияға балама болуы мүмкін. Бұл туралы Үндістанның Ғылым және технология министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды БелТА

Үндістанда химиотерапияны алмастыруы мүмкін қатерлі ісікке қарсы препарат әзірленді
Фото: АР

RK-251 деп аталатын препаратты Үндістанның Ғылым және технология саласындағы озық зерттеулер институты мен Гувахати қаласындағы Үндістан технологиялық институтының ғалымдары әзірледі.

Министрліктің түсіндіруінше, қатерлі ісік жасушаларының ішінде ғана әсер етуге арналған жаңа «ақылды» препарат көптеген жағдайда сау жасушаларға зиян келтіретін дәстүрлі химиотерапияны алмастыруы мүмкін.

RK-251 сау тіндерде белсенді емес күйде сақталып, негізінен ісік жасушаларының ішінде белсендіріледі. Ведомствоның мәліметінше, препараттың әсер ету механизмі қатерлі ісік жасушаларында белсенді оттегі түрлерінің деңгейі жоғары болуына негізделген.

Зерттеу барысында RK-251 препаратының айқын уыттылық белгілері анықталмаған. Бұл оның қауіпсіздігі мен тиімділігін одан әрі зерттеуге мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Сонымен қатар Үндістанның Ғылым және технология министрлігі препараттың әзірге клиникаға дейінгі зерттеу кезеңінде екенін атап өтті. Оның адам ағзасына қолданылу мүмкіндігін бағалау үшін қосымша зерттеулер қажет.

Айта кетейік, АҚШ-та қатерлі ісікке қарсы тәжірибелік вакцина кейбір науқастарды дертінен айықтырды.