Үндістанда қабылан бірнеше адамға шабуыл жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Раджастан штатында қабылан шарап дүкеніне кіріп кетіп, бірнеше адамға шабуыл жасады, деп хабарлайды БелТА.
Оқиға Тодарайсингх қаласында болған. Әуелі қабылан орман қызметкеріне шабуыл жасап, кейін адам көп жүретін базарға кірген. Одан соң шарап дүкеніне өтіп, тағы екі адамды жарақаттаған. Зардап шеккендердің екеуі ауруханаға жеткізілсе, тағы біріне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.
Қабылан дүкен ішінде қалып қойғандықтан, жергілікті тұрғындар сыртынан темір есікті жауып, жануарды ішке қамап қойған. Соның арқасында оның адамдарға қайта шабуыл жасауына жол берілмеген.
Оқиға орнына орман шаруашылығы қызметкерлері мен хайуанаттар бағынан шақырылған арнайы мамандар келген. Шамамен 5 сағаттан кейін қабыланға тыныштандыратын дәрі егіліп, қауіпсіз түрде ұсталды. Кейін ол медициналық тексеруден өткізу үшін орман шаруашылығы мекемесіне жеткізілді.
Айта кетейік, Сауд Арабиясының солтүстігінде ғалымдар үңгірлерден мумияланған қабылан сүйектерін тапты.