Үндістанда көмір шахтасындағы жарылыстан 15 кенші қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның солтүстік-шығысындағы Мегхалая штатында көмір шахтасында болған жарылыс салдарынан кемінде 15 адам қаза тауып, бірнешеуі жарақат алды. Бұл ақпаратты бейсенбі күні ресми дереккөздер растады, деп хабарлайды Синьхуа.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, қаза тапқандардың барлығы — Шығыс Джайнтия жоталары округіндегі ауылдардың бірінде орналасқан көмір шахтасында жұмыс істеген кеншілер.
— Қазіргі уақытта 15 адамның мәйіті табылды. Жарылыстан кейін шахта ішінде қалып қойғандарды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жарақат алған бірнеше адам жергілікті ауруханаға жеткізілді, — делінген ресми хабарламада.
Жергілікті ақпарат құралдарының дерегіне сәйкес, аталған көмір шахтасы заңсыз жұмыс істеген. Оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Бұдан бұрын Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясының Хайбер ауданында қауіпсіздік күштерінің көлігі жарылып, үш қауіпсіздік қызметкері мерт болғанын жазғанбыз.