Үндістанда көшкін мен су тасқынынан 13 адам мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның батысындағы Махараштра штатында соңғы 48 сағатта нөсерлі муссон жаңбырынан болған көшкіндер мен су тасқыны салдарынан 13 адам қаза тауып, тағы 10 адам жарақат алды. Табиғи апаттан ғимараттарда қирады, деп хабарлайды Синьхуа.

Үндістандағы нөсер мен дауылдан 28 адам қаза болды
Фото: Анадолы

Штаттың төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі министрі Гириш Махаджанның айтуынша, Мумбай қаласы мен оған көршілес Палгхар және Райгад аудандарына рекордтық жауын-шашын түсті. Бұл табиғи апаттан 13 адам көз жұмған.

— Ең көп зардап шеккен аудан — Мумбайдағы Манкхурд. Онда ғимараттың опырылуы салдарынан 6 адам қаза тауып, бір адам жарақат алды, — деді ол.

Қатты жауын мен көшкін штат аумағындағы теміржол және автомобиль көлігінің қозғалысына да айтарлықтай кедергі келтірді.

Айта кетейік, Үндістанның Тамилнад штатында теңіз өнімдерін өңдейтін кәсіпорында аммиактың таралуынан кемінде 7 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шекті.

Биыл мамыр айының соңғы күнінде Үндістанның бірнеше штатында нөсер жаңбыр мен күшті дауыл салдарынан болған түрлі оқиғалардан 28 адам қаза тапты.