Үндістанда Нипах вирусына байланысты шұғыл шаралар енгізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістан билігі Нипах вирусын жұқтырудың бес жағдайы расталғаннан кейін елдің шығысындағы Батыс Бенгалия штатында эпидемияға қарсы шараларды күшейтті. Ауру жұқтырғандар арасында дәрігерлер мен медбикелер де бар, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

Үндістанда Нипах вирусына байланысты шұғыл шаралар енгізіліп жатыр
Коллаж: Canva / Kazinform

Жергілікті БАҚ мәліметінше, шамамен 100 адам үй карантиніне алынған, ал науқастар Калькутта қаласы мен оған іргелес аудандардағы ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Пациенттердің бірінің жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.

Нипах вирусы — өлім-жітімі жоғары зооноздық вирус, оған қарсы бүгінгі күнге дейін мақұлданған вакцина немесе арнайы емдеу әдісі жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны аса қауіпті патогендер қатарына жатқызады.

Адамдардың бұл вирусты жұқтыруы сирек кездеседі және көбіне жарқанаттардан берілуімен байланысты. Көбінесе вирус ластанған азық-түлік арқылы таралады. Вирустың негізгі табиғи резервуары Pteropus тұқымдасына жататын жарқанаттар, алайда бұрын індет жұқтырған шошқалармен байланыс нәтижесінде тараған жағдайлар да тіркелген.

Вирус алғаш рет 1999 жылы Малайзия мен Сингапурда анықталған. Содан бері ол Оңтүстік Азия елдерінде, әсіресе Бангладеш пен Үндістанда бірнеше рет індет тудырды. Үндістандағы алғашқы індет 2018 жылы Керала штатында тіркелген, кейінгі жылдары жекелеген жағдайлар қайталанып отырған.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) дерегіне сәйкес, инкубациялық кезеңі 4 күннен 21 күнге дейін созылады.

Алғашқы белгілері айқын емес әрі тұмауға ұқсас: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықет ауырып, қатты әлсіздік пайда болады. Ауыр жағдайларда энцефалит дамып, сандырақтап, құрысып ұстамасы ұстап қалады, адам комаға түсіп қалуы да мүмкін. 

Әртүрлі індеттер мен вирус штамдарына байланысты өлім көрсеткіші 40–75% аралығында өзгереді.

Тиімді емдеу әдісі болмағандықтан, әдетте науқастарға қолдаушы терапия ұсынылады.

Денсаулық сақтау органдары алдын алу шараларының маңызын атап өтеді: жарқанаттар  ластануы мүмкін жемістер мен шикі пальма шырынын тұтынбау, жеке гигиенаны қатаң сақтау және жұқтырған адамдармен байланыстарды шектеу қажет.

Материалдың ағылшын тіліндегі түпнұсқасын мына жерден оқи аласыз.

Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру, сондай-ақ оны ел аумағына әкелу жағдайлары тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және толық бақылауда

Соңғы жаңалықтар