Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үндістанда су тасқынынан қаза тапқандар саны 30-дан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның солтүстік-шығысындағы Ассам штатында нөсер жауыннан болған су тасқынынан 31 адам көз жұмды. Бұл туралы штаттың Төтенше жағдайлардың салдарын жою басқармасы хабарлады, деп жазады Анадолы.

Үндістанда су тасқынынан қаза тапқандар саны 30-дан асты
Фото: Анадолы

Мәліметке сәйкес, соңғы бір тәулікте табиғи апаттан тағы 21 адам көз жұмған.

Штаттың бас министрі Химанта Бисва Сарманың айтуынша, су тасқынынан шамамен 700 мың адам зардап шеккен. Сондай-ақ үш адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Оңтүстік Азияда муссон маусымы жыл сайын ірі көлемдегі су тасқыны мен көшкіндерге себеп болады. Бұл табиғи құбылыстан ең көп зардап шегетін елдер — Үндістан мен Пәкістан.

Айта кетейік, Ауғанстанның шығысындағы Нуристан провинциясында муссон жаңбырынан болған су тасқыны 20 адамның өмірін қиды. Сондай-ақ 100-ден астам адам із-түзсіз жоғалды.