Үндістанда туристерге жасалған шабуылдан бірнеше адам қаза тапты

НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM – Үндістанның солтүстігіндегі Джамму мен Кашмир одақтас аймағында болған қарулы шабуылдан кемінде 25 турист қаза тауып, 20-ға жуық адам жарақат алған, деп хабарлады ТАСС. 

Үндістанда туристерге жасалған шабуылдан бірнеше адам қаза тапты
Фото: EPA/FAROOQ KHAN

Бұл туралы The Print порталы қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы дереккөздерге сілтеме жасап мәлімет таратты. Алайда өзге үнді ақпарат құралдары қайтыс болғандар санына қатысты әртүрлі дерек келтіруде. Ресми билік әзірге нақты санды жариялаған жоқ. 

Шабуыл Пахалгам аймағында болған. Белгісіз қарулы адамдар Байсаран аңғары бойымен жаяу көтеріліп келе жатқан туристерге оқ жаудырған. Оқиға орнына дереу қауіпсіздік күштері мен медицина қызметкерлері келген. Жергілікті билік бұл шабуылды лаңкестік әрекет деп атады.

Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди Сауд Арабиясына сапары барысында елдің Ішкі істер министрі Амит Шахпен телефон арқылы сөйлесіп, барлық қажетті шараны қабылдауды және оқиға орнына баруды тапсырды. 

Өз кезегінде министр Амит Шах бұл жантүршігерлік шабуылдың ұйымдастырушылары жазасыз қалмайтынын айтып, Джамму мен Кашмирге жол тартып кеткенін хабарлады. Онда ол барлық ведомствомен шұғыл қауіпсіздік кеңесін өткізбек.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тағы үнділік студенттер ұсақ-түйек тәртіп бұзғаны үшін де депортациялануы мүмкін екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар