Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үндістандағы су тасқынынан екі штатта 90 адам құрбан болды

АСТАНА. KAZINFORM – Үндістанның солтүстік-шығысындағы Ассам штатында су тасқынынан қаза болғандар саны 82 адамға жетті, деп хабарлайды Анадолы.

Үндістандағы су тасқынынан екі штатта 90 адам құрбан болды
Фото: Anadolu

Hindustan Times басылымының Ассам штатының Табиғи апаттардың салдарын жою басқармасына (ASDMA) сілтеме жасап хабарлауынша, тасқын салдарынан 200 мыңнан астам тұрғын зардап шеккен.

Ассам штатының бас министрі Химанта Бисва Сарма жағдайдың біртіндеп тұрақталып келе жатқанын және кейбір тұрғындардың үйлеріне қайта орала бастағанын айтты. Оның сөзінше, қалпына келтіру және оңалту жұмыстары өңір билігінің басты басымдығы болып қала береді.

Сондай-ақ ол үкіметтің шұғыл көмек көрсетуге, өтемақы төлеуге, халықтың тұрмыс-тіршілігін қалпына келтіруге, мектептерді жөндеуге және бүлінген инфрақұрылымды қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.

Осы уақытта Үндістанның оңтүстігіндегі Керала штатында бірнеше күнге созылған нөсер жауыннан кейін ірі су тасқыны болды.

India Today басылымының мәліметінше, табиғи апаттан сегіз адам қаза тауып, тағы сегіз адам із-түзсіз жоғалған. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Табиғи апат салдарынан мыңдаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Штаттың 12 ауданында қауіптің «қызғылт сары» деңгейі жарияланған.

Керала билігі қаза тапқандардың отбасыларына, сондай-ақ баспанасы мен табыс көзінен айырылған тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Маусымнан қыркүйекке дейін жалғасатын муссондық жаңбырлар жыл сайын Оңтүстік Азия елдерінде, әсіресе Үндістан мен Пәкістанда ауқымды су тасқыны мен өзге де табиғи апаттарға себеп болады.

Материал Kazinform агенттігіне серіктес Anadolu агенттігі ұсынған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Үндістанның Ассам штатында толассыз жауған жаңбырдан болған алапат су тасқыны салдарынан барлық шұғыл қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқаны және қаза тапқандар санының 47 адамға жеткені хабарланған болатын.