Үндістандағы ұшақ апаты: 11A орнында отырған бір жолаушы тірі қалған
НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM — Үндістанның Ахмедабад қаласындағы ұшақ апатында 11A орнында отырған бір адам тірі қалғанын бас полицей хабарлады, деп жазды Timesofindia сайты.

— Полиция тірі қалған адамды тапты. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр. Қанша адамның қаза тапқаны туралы нақты айту мүмкін емес. Өйткені ұшақ тұрғын үй аумағына құлағандықтан, құрбандар саны әлі де артуы мүмкін, — деп хабарлады Ахмедабад қаласының полиция комиссары Г. С. Малик ANI жаңалықтар агенттігіне берген мәлімдемесінде.
Ұшақ бортында 230 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі — барлығы 242 адам болған. Ұшақ Мегхани ауданында құлап, жанармай мөлшерінің көптігіне байланысты жойқын өрт шықты.
Құтқару жұмыстарына алты NDRF (Ұлттық апаттық әрекет ету күші) тобы, өрт сөндіру көліктері, жедел жәрдем және полиция бөлімшелері жұмылдырылды.
Ұшақпен байланыс үзілер алдында MAYDAY (дабыл сигналы) берілген.
Осы уақытта Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди Ахмедабадтағы ұшақ апатына байланысты көңіл айтты. Ол бұл оқиғаны «сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес қайғылы жағдай» деп атады.
— Ахмедабадтағы қайғылы оқиға бәрімізді есеңгіретіп, жүрегімізге қаяу салды. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес ауыр трагедия. Қазір министрлермен және тиісті органдармен байланыстамын, олар зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмыс істеп жатыр, — деп жазды премьер-министр Моди X желісіндегі жазбасында.
Timesofindia сайты Air India ұшағының апатқа ұшыруына байланысты, Ұлыбритания Королі ІІІ Чарльз Ахмедабадтағы ұшақ апатына байланысты көңіл айтқанын жазды.
Ұлыбритания Королі ІІІ Чарльз және оның жұбайы, Королева Камилла, «бүгін таңертең Ахмедабадта болған қайғылы оқиғаға қатты есеңгіреп, күйзелгендерін» жеткізді.
Букингем сарайы таратқан мәлімдемеде:
– Біз осы ауыр әрі трагедиялық жағдайдан зардап шеккен барлық елдердің азаматтарына, олардың отбасылары мен жақындарына шын жүректен тілектестігімізді білдіреміз. Олар қазір сүйікті жандарынан хабар күтіп отыр, – делінген.
76 жастағы монарх сондай-ақ:
– Осындай қиын сәтте көмек көрсетіп жатқан жедел қызмет өкілдеріне және барлық еріктілерге ерекше алғыс білдіремін, – деп атап өтті.
Бұған дейін негізі Air India апатында 242 жолаушының бәрі қаза тапқаны хабарланған еді.