Үндістандағы жәрмеңкеде «Цунами» аттракционы құлап, бір адам мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM — Харьяна штатының Сураджкунд қаласындағы жәрмеңкеде аттракцион құлап, бір полиция қызметкері қаза тапты. Тағы 13 адам жараланды, деп хабарлайды NDTV арнасы.
Оқиға сенбі күні кешке Фаридабад жәрмеңкесінде «Цунами» деп аталатын алып әткеншек қисайып, жоғарыдан құлаған.
Полицияның мәліметінше, оқиға кезінде темір әткеншекте шамамен 15 адам болған.
Зардап шеккендердің арасында Палвал полиция бөліміндегі кезекші инспектор да бар. Ол дереу ауруханаға жеткізілді, бірақ дәрігерлер оның қайтыс болғаны туралы хабарлады. Ажал құшқан полиция қызметкері биыл наурыз айында зейнеткерлікке шығуы тиіс еді.
Оқиғадан кейін жәрмеңке алаңындағы халық тез арада эвакуацияланды. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаларға жеткізілді. Қазір оқиғаға қатысты тергеу басталды.
Сураджкундтағы жәрмеңке 31 қаңтарда басталған және 15 ақпанға дейін жалғасады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Сауд Арабиясының Эт-Таиф қаласына жақын орналасқан Хада ауданындағы Green Mountain Park ойын-сауық саябағында «360 градус» аттракционы сынып кетіп, 23 адам жарақат алды.
Қазақстанда жыл сайын әткеншек пен батут маусымы қауіпсіздік туралы ескертумен басталады. Бірақ қайғылы оқиғалар азаяр емес. Елімізде аттракциондарды тексеретін сынақ орталықтарының бар-жоғы туралы мына сілтемеден оқи аласыз.