Үндістанға қарасты Джамму мен Кашмир штатында 48 туристік нысан жабылды
АСТАНА. KAZINFORM — Джамму мен Кашмир штатында 22 сәуірде орын алған террористік шабуылдан кейін билік 48 туристік нысанды жабу туралы шешім қабылдады, деп жазды Анадолы агенттігі.

Аймақ билігі қауіпсіздік мақсатында туристік нысандардың жабылатынын хабарлады.
NDTV телеарнасының хабарлауынша, табиғаты әсем Пахалгам ауданында болған терактіден кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Билік қауіпсіздік мақсатында аймақтағы 48 туристік нысанның жабылатынын мәлімдеді.
Аталған көрікті жерлердің қанша уақытқа жабылатыны туралы нақты ақпарат жоқ.
Кейбір жергілікті тұрғындар туризм – өңірдегі негізгі табыс көзі болғандықтан, бұл оқиға саланың ауыр соққы алуына әкелуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірген.
Пахалгамдағы террористік шабуыл
22 сәуір күні Үндістанның Джамму мен Кашмир штатындағы Пахалгам ауданында қарулы адамдар туристерге оқ жаудырып, соның салдарынан 26 адам қаза тапты. Сонымен қатар, көптеген адам жарақат алған.
Осы оқиғадан кейін Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Сауд Арабиясындағы ресми сапарын тоқтатып, Нью-Делиге оралды. Астанаға келген соң Моди қауіпсіздік жағдайын бағалау мақсатында жоғары лауазымды тұлғалармен жиын өткізді.
Үндістан билігі шабуылды Пәкістаннан келген адамдар ұйымдастырды деп мәлімдеді. Осыған байланысты Үндістан «Инд өзені туралы келісімнің» күшін тоқтатып, Нью-Делиде жұмыс істеп жатқан пәкістандық кеңесшілерге елден бір апта ішінде кетуді бұйырды, сондай-ақ Пәкістан азаматтарына берілген визаларды жойды.
Өз кезегінде Пәкістан бұл айыптауларды жоққа шығарып, Исламабадтағы Үндістан дипломатиялық миссиясының қызметкерлер санын қысқартты.
Пәкістан билігі Инд өзені алабындағы өзендердің ағысын тоқтату немесе өзгертуге бағытталған кез келген үнділік әрекетті соғыс актісі ретінде қабылдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ел Үндістанмен барлық сауданы тоқтатып, әуе кеңістігін жапты.
Сондай-ақ Пәкістан үкіметі Үндістан азаматтарына берілген барлық визалардың күшін жойғанын жариялады.
Бұған дейін хабарланғандай, Үндістан полициясы Кашмирдегі шабуылға күдіктіні анықтады.