Үндістанның ірі әуе тасымалдаушысы рейстерін тоқтатып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Нью-Делидегі Индира Ганди әуежайының жолаушылары сыртта тұр. Себебі Indigo Airlines әуе компаниясының бірнеше рейсі ұшпай қалды, деп хабарлайды Euronews.

аэропорт
Фото: Kazinform

Үндістанның ірі әуежайлары IndiGo әуе компаниясы рейстерінің жаппай тоқтауына байланысты дағдарып қалды. 

Жағдайдың бұлайша қалыптасуының басты себебі ұшқыштар мен экипаждардың жұмыс уақытын шектейтін жаңа заң болып отыр. Әуе тасымалдаушы жаңа талапты уақытында енгізіп үлгермеген. 

Жолаушылар бірнеше сағат бойы кезекте тұрып, тіпті терминалдарда түнегенін айтып, шағымданды. Бұл жағдай төртінші күн қатарынан қалыптасып отыр. Экипаждың жаңа демалыс талаптары шілде және қараша айларында кезең-кезеңімен енгізіліп, ұшу кестесін қайта құруды қажет еткен. Жоспардағы олқылықтарға байланысты бейсенбі күні 300-ден астам рейс тоқтатылып, тағы жүздегені кешіктірілді.

Делиде жұма күні IndiGo әуе компаниясының барлық ішкі бағыттардағы рейстері түн ортасына дейін толық тоқтатылатыны мәлім болды. 

Air India секілді өзге тасымалдаушыларда мұндай дағдарыс байқалып отырған жоқ. IndiGo күн сайын шамамен 2300 рейс орындап, елдің ішкі әуе тасымалының 65 пайызын қамтамасыз етеді.

Осыған дейін келер жылы Қазақстанда ұшақ және пойыз билеті қымбаттай ма, деген сауал төңірегінде материал жариялаған болатынбыз. 

 

Соңғы жаңалықтар