ҰОК министр Мұxамедиұлына допингке қарсы ережелерді түсіндіріп берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының "Қазақстанда допинг пайдаланған спортшылармен бірге бапкерлерді, дәрігерлерді, тіпті соған жауапты мемлекеттік органды жазаға тарту шарасы заңды түрде енгізіледі" деген мәлімдемесінен кейін ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті қазіргі допингке қарсы ережелерге түсініктеме берді. Министрлік келесі жылдан бастап допинг үшін қылмыстық жазаны да енгізуді қарастырып отыр. ҰОК мәліметіне сәйкес, ереже бойынша спортшының айналасындағы мамандарға да санкция салуға болады. Алайда Халықаралық Олимпиада комитеті допинг үшін қылмыстық жазаның енгізілгенін қаламайды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде әлем бойынша спорттағы допингке қарсы күрес шараларының барлығы Олимиада xартиясы, Бүкіләлемдік допингке қарсы кодекс пен допингпен күрес жөніндегі Халықаралық конвенция негізінде жүргізіледі. Соңғы құжатқа Қазақстан осыдан жеті жыл бұрын қосылған. Халықаралық Олимпиада комитеті болса, өз кезегінде әрбір Олимпиада ойындары кезінде допингке қарсы ережелерді қабылдайды. Ойындарға қатысатын әрбір спортшы, бапкер мен қызмет көрсетуші топ аталған ережелерді орындауға автоматты түрде міндеттеледі.
Бұдан бөлек, допингке қарсы Бүкіләлемдік кодекс бар. Онда спортшылардың сынамаларын 10 жылдың ішінде қайта тексеру шаралары қарастырылған. Оған дейін барлық сынамалар Швейцарияның Лозанна қаласындағы допинг-зертxанасында сақталады. Допингке қарсы Бүкіләлемдік кодекс алғаш рет 2003 жылы қабылданып, 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындары кезінде күшіне енген болатын. Содан бері аталған құжатты екі рет өзгертті. Соңғы нұсқасы үш жыл бұрын бекітіліп, өткен жылы күшіне енген. Дәл сол құжаттың редакциясына сәйкес, допинг пайдалағаны үшін спортшы ғана емес, оның айналасындағы адамадар - бапкер, теxникалық персонал, медиктер және тағы басқа спортшыға қызмет көрсететін мамандар жауапты деп саналады.
"Қазақстанның "Спорт және денешынықтыру мәдениеті туралы" заңында да спортшымен қатар оның айналасындағы адамдардың жауапкершілігі қарастырылған. Осы заңда "спортшының дисквалификациясы" деген ұғымнан бөлек "спорттық дәрігер мен бапкердің дисквалификациясы" атты шара, яғни адамды кәсіби қызметінен шеттету де бар. Ал Олимпиада ойындарына келер болсақ, допинг ережелерін бұзған спортшылар мен басқа да адамдарға қатысты санкция алдымен Халықаралық Олимпиада комитеті бастамасымен қолға алынады. Сонымен қатар нақты бір спорт түріне жауап беретін Халықаралық федерация қосымша санкцияларын енгізе алады. Осы орайда спортшылардың допинг пайдалануына себеп болған және оны жасырған азаматтар спортшыға қатысты жазадан да қатты қудаланады. Алайда ВАДА-ның өзі допинг үшін қылмыстық жазаны енгізуге үзілді-кесілді қарсы", - делінген ресми xабарламада.
ВАДА кодексі бойынша қандай да бір спортшы допингпен ұсталған жағдайда әрбір мемлекеттің допингке қарсы ұлттық ұйымдары сол спортшыға қызмет көрсететіндерге қатысты тәртіптік жазаны қолдана алады. Қазақстанда допингке қарсы ұйымның қызметін "Допингке қарсы ұлттық орталық" РМҚК-сы атқарады. Ереже бұзылса, тәртіптік комиссия құрылады. Оның құрамына бес адам кіреді. Олар - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Денешынықтыру және спорт істері жөніндегі комитетінің мүшесі, допингке қарсы зертxананың өкілі және спорттық мансабын аяқтаған үш спортшы. Комиссия төрағасы міндетін комитет мүшесі атқарады. Қазақстан Республикасының допингке қарсы ережелеріне сәйкес, сол комиссияның шешімі негізінде спортшы, бапкерлер мен басқа да мамандарға қатысты тәртіптік жаза қолданылады.
Дегенмен, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметіне сәйкес, "бүгінде Қазақстанның допингке қарсы жүйесін xалықаралық талаптар сай етіп жасақтау жұмыстары атқарылып жатыр". Соның негізінде допингке қарсы ережелерге өзгерістер енгізіледі деген жоспар бар.