Уоррен Баффетт инвестициялық компания басшылығынан кетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Аңызға айналған инвестор Уоррен Баффетт Berkshire Hathaway компаниясының бас атқарушы директоры қызметінен кетеді. Бұл туралы Kazinform меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлады.

Уоррен Баффетт
Фото: newtraderu.com

95 жастағы Уоррен Баффетт өз мансабында шығынға батқан тоқыма компаниясын активтерді басқару саласындағы әлемдегі ең табысты корпорациялардың біріне айналдырды. Баффетттің басшылығымен Небраска штатында орналасқан Berkshire теміржол, сақтандыру, кәмпит пен балмұздақ өндірісі сияқты түрлі салаларға инвестиция салды.

Баффетт инвестициялық жолын 1942 жылы, 12 жасқа толмай жатып бастаған. Ол Cities Service газ компаниясының акцияларын 114,75 долларына сатып алған. Бұл мақсатқа жету үшін ол 6 жасынан бастап жинаған.

16 жасқа келгенде оның инвестициялары шамамен 53 мың долларға жетті. 32 жасында миллионер, ал 56 жасында миллиардер атанды. Қазір Баффетт Bloomberg Billionaires нұсқасы бойынша байлығы 150 млрд доллар болып, әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 10-орында тұр.

1964 жылы ол Berkshire Hathaway компаниясын негізгі инвестициялық құрал ретінде пайдалана бастады. Сол уақыттан бері компания акцияларының бағасы 5,5 миллион пайыздан астам өсті. Салыстыру үшін айтсақ, сол кезеңде S&P 500 индексінің кірістілігі бар болғаны 39 000% құрады (Bloomberg есептеуі бойынша). Бүгінде Berkshire нарықтық құны 1 трлн доллардан асатын, әлемдегі ең қымбат компаниялардың ішінде 11-орында.

Berkshire құрамындағы ірі кәсіпорындардың қатарында BNSF теміржолы, Geico сақтандыру компаниясы және See’s Candy, Benjamin Moore, Duracell, Fruit of the Loom, Oriental Trading, Dairy Queen, Helzberg Diamonds сияқты танымал брендтер бар.

Баффетт өзінің басты философиясын үнемі ұстанып келді: тек өзің түсінетін салаға инвестиция сал және қор нарығын ұдайы ұту қиын екенін ұмытпа.

Баффетт Berkshire компаниясын миллиардер Чарли Мангермен бірге басқарды. Мангер 2023 жылы 99 жасында өмірден өтті.

Енді конгломераттың басшылығын Berkshire-дің энергетикалық бөлімшесінің бас директоры, 63 жастағы Грег Абель қолға алады. Ал Уоррен Баффетт компанияның төрағасы қызметінде қалады.

Бұған дейін TikTok АҚШ-тағы жұмысын жалғастыру үшін инвесторлармен келісімге қол қойғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар