«Ұрпақ және ҰБТ» - баспасөзге шолу

***
Елімізде 2004 жылдан бастап енгізілген Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесі бойынша бір мезгілде біріктірілген екі сынақ өткізілетін, яғни мұнда бір жағынан мектеп бітірушілер аттестацияға, ал екіншіден, ЖОО-ға түсу үшін сынақ тапсыратын. Соған орай «Егемен Қазақстан» газетіне Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Қали Әбдиев келесі оқу жылынан бастап бұл салада болатын өзгерістер туралы айтып берді.
«Биылғы қате 0.14 пайызды құрайды. Соңғы жылдары тест тапсырмаларының сапасы жаман емес. Биылғы жылғы жетістігіміз - біраз кітапшаларды түрлі-түсті суретпен шығардық. Себебі, сурет тапсырманы құрастырған кезде көрнекілігін арттыруға мүмкіндік береді. Әр уақытта диаграммаларды, функцияның графиктерін, кестелерді көп қолданамыз. Бұлар тест тапсырмасын тез түсінуге мүмкіндік береді. Сынақ кітаптары шамамен 50-60 беттей болады, кейде мұнан да аз болуы мүмкін, бірақ соның бәрін сапалы шығаруға барынша көңіл бөлінеді. Оларды сыртқы баспаларға бермейміз, өзімізде шығарылады. Мемлекеттік құпияны сақтау талабы бойынша солай. Міндетіміз - оның сапасын жылда жақсартып отыру. Соған байланысты баспахана соңғы жылдары жаңа техникамен жабдықталып, түрлі-түсті кітапша шығаруға жағдай туғызылуда»,-дейді ол. Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесі көтерілген сұхбат «Ұрпақ және ҰБТ» деген тақырыппен жаряланды.
Бас басылымда «Ауызашар» печеньесі Семейде өндіріледі» атты материал берілген. Семейде жергілікті кондитер цехтарының бірінде қасиетті Рамазан айының құрметіне «Ауызашар» атты кондитерлік өнімдер жиынтығы шығарылуда. Өндірілген тағамдардың ішінде ши бауырсақ, жент сияқты ұлттық өнімдермен бірге құрма, печенье бар. Цех жетекшісі Жанаргүл Жұмағалиеваның айтуынша, отандық өнімге көршілес Ресей, Қытай, Моңғолия елдерінен тапсырыс түсіп жатыр. Осыдан 10 жыл бұрын ашылған шағын цехта бастапқыда 2-3 адам еңбек етіп, өнімнің 5-6 түрі ғана шығарылса, қазіргі таңда ол 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтыған, қанатын кеңге жая бастаған кәсіпорынға айналып келеді.
- Мен мамандығым бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Сондықтан, кондитерлік цехымызда өндірілетін күлшелерімізді қазақы қалыпта атағанды ұнатамын. Мәселен, «Тақия», «Шаңырақ» деген печеньелер бар. Түр-тұрпатына қарап та атай береміз, - дейді цех жетекшісі.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Астанадан аттанған автосапар Алтай аймағы шекарасына кіріп, Барнауыл қаласын басып өтіп, Алтай Республикасына жетті. Халықаралық экспедицияны Әл Құрылтай төрағасы Иван Белеков бастаған үкімет мүшелері қарсы алды.
«Алтай мұрасы» автоэкспедициясының жетекшісі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов алтайлықтарға ыстық ықыласын білдіріп, қошеметін көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Қазақстаннан арнайы әкелген кәдесыйларын ұсынды.
Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 20 жылдығына арналған ауқымды шараның мақсаты - Ресейдің Алтай аймағына тарихи-мәдени экспедиция жасау арқылы, көк түріктердің мекенін, бүкіл түркі жұртының алтын бесігін насихаттау. Сондай-ақ сол Алтай аймағындағы қазақ халқы мен алтайлықтардың біте қайнасқан тарихи-рухани мұраларын, тарихи шежірелерін насихаттау.
Алтай Республикасы тарихи ескерткіштерге бай. Экспедиция мүшелері бір апта ішінде солардың бірқатарын аралап шығып, тың деректер жинайды. Алтай Республикасындағы қазақтар көп шоғырланған Қосағаш, Жазатар аймақтарындағы ағайын халықпен жүздесіп, ел тарихы, бүгіні мен ертеңі жайлы ой бөліспек. Бұл туралы «Экспедиция Алтайға жетті» атты мақалада толық берілген.
Осы басылымда «Қазығұртта лимон өсіріледі» деген материал жарияланды. Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылының тұрғыны Оспанәлі Таңсықбаев былтырдан бері көлемі 0,57 гектар болатын жылыжайға лимон көшеттерін отырғызып, баптап келеді. Тез жерсінген цитрустық көшеттер алғашқы нышанын көрсетіп, өткен жылы мол өнім берді. Егістікке отырғызылған 640 түп көшеттің әрбірінен шаруа 17-18 келі төңірегінде өнім жинады. Нәтижесінде, 11 тонна лимон ішкі нарыққа шығарылып, шаруаның тұрмыс жағдайы жақсарды.
Кәсібінен нәсіп тапқан шаруа биыл жылыжайының көлемін 6 сотыққа ұлғайтып, лимон өнімін жылдағыдан көп алуды жоспарлап отыр. Айта кеткен жөн, цитрустық өнімді өсірумен айналысатын О.Таңсықбаев сынды шаруа ауданда, әзірге, жалғыз болып тұр.
Жалпы, Қазығұрт ауданында жылыжай көлемі 82,8 гектар алқапты құрайды. Оның 40 пайызына, яғни 32,31 гектарға қияр егілсе, 50 пайызында (41,1 гектар) қызанақ өсіріледі. Ал аудандағы жылыжайдың 8,22 гектарында (10 пайыз) болгар бұрышы өсірілуде. 2016 жылдың 5 айында Қазығұрттағы жылыжайлар көлемі артып, жаңадан 3,5 гектар жылыжай салынды. Жыл соңына дейін оның көлемін тағы 3,5 гектарға ұлғайту жоспарлануда.
***
«Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы санында прозашы, ақын, Қазақстан Республикасы Хореографтар одағының төрағасы Дүйсенбек Нақыппен арадағы сұхбат берілген.
«Бүгінгі әдебиетте жазушылық лаборатория әлсіреген. Оны мойындауымыз керек. Әркім өз бетінше, өз білген-түйгенінше жазып жүр. Әсіресе, жастар. Сан түрлі кітаптар жарық көргенімен қоғамға қажет, оқырман көңіл пернесін дәл басатын туынды тумауда»,-дейді Д. Нақып. Осы жайында «Әдебиет әлсіз болса, ұлт та әлсіз болмақ...» деген тақырыптағы сұхбаттан толық оқи аласыз.