Урсула фон дер Ляйенге жаңа сенімсіздік вотумдары қаупі төніп тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен жазғы демалыстар алдында Еуропарламенттегі сенімсіздік вотумынан өткен болатын. Алайда ол алдағы аптада жаңа екі дауыс берумен бетпе-бет келуі мүмкін, деп хабарлайды Euronews.
«Солшылдар» және «Еуропаның патриоттары» топтары комиссияны қызметінен кетіруге бағытталған екі түрлі сенімсіздік вотумын әзірлеуде. Бұл бастамалар қажетті қолдар жиналған соң Парламенттің қарауына енгізіледі.
Регламентке сәйкес, ұсынысты пленарлық отырыста қарау үшін кемінде әр оныншы депутат – яғни 72 мүше қол қоюы тиіс. Қолдардың дұрыстығы тексерілгеннен кейін, Парламент төрағасы депутаттарды дереу хабардар етеді, ал сенімсіздікке қатысты пікірталас 24 сағат ішінде белгіленуі қажет.
«Солшылдар» тобының өкілі Томас Шеннонның айтуынша, фракция бастаманы бірауыздан қолдап отыр. Оның сөзінше, комиссия жүргізіп отырған саясат жұмысшылардың құқығын құрбан етіп, «Жасыл келісімді» әлсіретіп отыр.
Еuronews мәліметіне қарағанда, ЕО-ның Газа мәселесіне әрекетсіздігі және МЕРКОСУР-мен жасалған келісім де наразылыққа себеп болған. Бұл топқа «Тізе бүкпейтін Франция», испандық «Подемос» және итальялық «Бес жұлдыз қозғалысы» партиялары кіреді.
Қазір топта 46 депутат бар, демек шекті дауысқа жету үшін тағы 26 қол қажет. Қосымша қолдар социалистерден, либералдардың «Еуропаны жаңарту» фракциясынан немесе «жасылдардан» жиналуы ықтимал. Кейбір «жасылдар» депутаттары бастаманы қолдауға дайын екенін білдірді.
Дегенмен, толық фракцияны иландыру қиын болғанымен, жекелеген депутаттарды тарту ықтимал.
Айта кетейік, биылғы шілде айында Еуропарламент Урсула фон дер Ляйенге қарсы сенімсіздік вотумын қолдамаған еді.