US Open: Путинцева қытайлық қарсыласын жеңіп, үшінші айналымға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына жолдама алды.

Юлия Антоновна Путинцева
Фото: Дирекция развития спорта РК

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 40-ракеткасы, қытайлық Синьюй Ванмен кортқа шықты.

Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, бәрінде қытайлық спортшы жеңген.

Бірінші партия 6:1 есебімен Путинцеваның пайдасына шешілгенімен, әр доп үшін күрес жүріп, 46 минутқа созылды.

Екінші сетте Юлия 3:1 есебімен алға кеткенімен, Ван қарап қалмады – 5:3. Есеп 4:5 болғанда, Путинцева медициналық көмекке жүгінді. Содан соң қытайлық теннисші сетке доп бергенде, таразы басын теңестірді – 5:5. Тай-брейкте Путинцева сәтті ойнады – 7:6 (7:4).
Осылайша, ол қытайлық теннисшіге кетіп жүрген есесін қайырды.

Екі сағат 7 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Юлия 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Ван 1 эйс, 3 брейкпен (12 брейк-пойнт) шектелді.

Юлия Путинцева төртінші айналымға өту үшін әлемнің 5-ракеткасы, Италия өкілі Ясмин Паолини немесе кезінде рейтингіде көш бастаған, қазір 44-орындағы чехиялық Каролина Плишкованың қай жеңгенімен таласады.

Бүгін түнде Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымда рейтингіде 143-сатыдағы франциялық Джессика Поншемен кездеседі.

Қазақстанның ерлер арасындағы екінші, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко екінші айналымнан аса алмады. Ол әлемнің 20-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафоға жол берді. Алғашқы екі партияда Тиафо 6:4, 6:1 есебімен басым түсті. Үшінші сетте есеп 0:1 болған сәтте Шевченко бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге алғашқы айналымда-ақ германиялықтар Кевин Кравиц – Тим Пюцтан жеңіліс тапты – 6:7 (6:8), 4:6.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 218-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Чжанцзяган (Қытай) челленджер додасының екінші айналымында күтпеген жерден рейтингіде 327-орындағы тайбэйлік Тун-Лин Вудан ұтылып қалды – 7:5, 2:6, 5:7. Сөйтіп ол ширек финалға өте алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Юлия Путинцеваның Монтеррей чемпионын ұтқанын жазған болатынбыз.

Елена Рыбакина бапкерімен неге қоштасқанын айтып берді

Соңғы жаңалықтар