US Open: Юлия Путинцева Олимпиада чемпионын қапы қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 84-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына өтті.

Билли Джин Кинг кубогы: Колумбиямен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 12-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен ойнады.

Қарсыластар осыған дейін өзара алты рет кездескен, есеп тең еді – 3:3.

Швейцариялық спортшы Токио Олимпиадасының жартылай финалында Елена Рыбакинаны жеңіп, кейін чемпион атанған еді.

Бұл жолы Ю.Путинцевамен ойында бірінші партияда Бенчич 6:4 есебімен басымдық танытты.

Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте Юлия брейк жасап, сосын өз геймін алды – 7:5.

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болғанда, Путинцева брейк жасай алды – 5:3. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Екі сағат 51 минутқа созылған тартысты бәсекеде Путинцева 6 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Бенчич 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін кезінде әлемдік рейтингіде 4-орынға дейін көтерілген, қазіргі кезде 121-сатыда тұрған қытайлық, Париж Олимпиадасының жеңімпазы Чжэн Циньвэньмен таласады.

Өткен жылы Ю.Путинцева АҚШ ашық чемпионатында екінші айналымнан аса алмаған еді.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Александр Бублик бүгін екінші айналымда рейтингіде 67-орындағы франциялық, 38 жастағы Адриан Маннариномен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның WTA Live рейтингінде көш бастағанын жазған едік.

Сондай-ақ Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатын сәтті бастады.